Сонымен, біраздан бері саясаттануға судай сіңіп кеткен «әлем архитектурасы түбегейлі де танымастай өзгеріп жатыр» деген тезис нақтылана бастаған сықылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғаламдық саясатта орнын ойып алып, шешуші роль атқарып келген «Трансатлантикалық одақ» көз алдымызда қақ жарылуда !
Және де осындай жаһандық ыдырауға алып келген анау-мынау емес, АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың солақай саясаты.
Әрине, сайлауда Байденді жеңуіне оның әсіре радикалды протекционистік һәм популистік ұрандарының (яғни, «бәрі тек Америка үшін», «бәрі де Америкада шығарылуы тиіс») әсер еткені рас.
Алайда, Трамп артық қыламын деп, тыртық қылған сияқты: ел ішінде әбден орынды бола алатын ұстаным (мәселен, біз де кей кезде «қазақстандық тауарларды сатып алайық», «отандық өндірушілерді қолдайық» деп дүрлігіп жатамыз ғой, бірақ, өкінішке орай, кейін оның бәрін ұмытып кетеміз) халықаралық қарым-қатынаста теріс нәтиже беретіні тағы бар емес пе? Трамп дәл сондай жайсыз жағдайға тап болды.
Оның ең басты геосаяси «жемісі» сол: осы кезге дейін мызғымастай боп келген траснатлантикалық бірлік ыдырай бастады.
Бір нәрсе анық: АҚШ-тың әлемдік супердержаваға айналуының бір тірегі осы одақ еді. Енді болса, АҚШ Еуроодақ секілді бірегей одақтасынан айрылғалы отыр. Және де сан құбылып жатқан әрі ұжымдық әрекеттерді қажет ететін әлемдік саясатта күшті болса да, жалғыздың үні шыға ма, ол да жауабы белгісіз сұрақ.
Физикадан белгілі: кез келген қимыл-әрекет өзіне қарсы қимыл-әрекет туғызады. Әрқайсысының артында өз электораты бар Еуропа елдерінің басшылары да қарап қалған жоқ: күн сайын Брюссельде немесе басқа еуропалық астаналарда саммиттер өтіп, тосын шешімдер қабылдануда.
Әдетте проресейлік бағыт ұстанған Венриядан басқа бәрі «Трамптың тыраштануына лайықты жауап беру керек» деген пікір айтуда.
Шындығын айту керек, Ұлыбритания болсын, Германия не Франция болсын, көбісі әлі күнге дейін «бұл мәселеде АҚШ-пен келісіп, бірлесіп шешім қабылдауымыз қажет» деген сыңайда пікір білдіруде. Алайда Трамп алған бетінен қайтпайтын сыңайлы, мұның өзі трансатлантикалық тұйық одан сайын тұйықтала түсетінінің бір белгісі болар.
Сол себепті ме, бұрын көп мәселеде АҚШ секілді алпауыттың айтқанына көніп келген Еуропа елдері ес жинай бастаған секілді: ендігі жерде ғаламдық дағдарыстарға, соның ішінде географиялық тұрғыдан алғанда Еуропа құрлығының құрамындағы Украинаға қарсы соғыс ашқан басқыншы Ресейді тоқтатуға өзі ғана жауап беретінін еуропалық ұжым сезіне бастағандай.
Ортақ қауіп әр кезде кұш бірікттіруді қажет ететіні белгілі, сол себепті өз басым «жалпыеуропалық бірлік пен ынтымақ» секілді ұғым АҚШ-сыз да жаңаша да нақты мән мен мазмұнға ие болып, әлемдік саясаттың шешуші факторына айналатынына сенемін.
«Трансатлантикалық одақтың» бөлінуі тек қана Еуропа мен АҚШ-қа ғана әсер етпей, әлемдік саясаттың ең түйінді тұстарына да өз салқынын тигізіп жатыр. Континентаралық қақтығысқа қатысты Қытай мен Үндістан сияқты алыптар да, Ресей де, түркі әлемі, араб және скандинав елдері, басқа да мемлекеттер де өз көзқарасын білдіретін кез де алыс емес. Мен білетін Трамп болса, ол елдерге сондай сұрақты жария түрде қоя алады. Жауаптар қандай боларын бір Құдай біледі.
Макронның «Еуропаға ортақ ядролық қалқан керек» деген сөзінен кейін Трамптың «Ресей мен Қытай ядролық қаруынан бас тартуы керек» деген талабының өзі не тұрады?! Ядролық қару туралы сөз қозғау – бас жаққа барысу деген сөз!
Жағдай күннен күнге ушығып бара жатыр.
Олай болса, бұл тұйық туралы тақырыпқа қайта оралып тұратынымыз сөзсіз. Өйткені бұл тұйық – Трамп кезіккен алғашқы тұйық. Саясаттағы субъективизм мен сыңаржақтық, асығыстық пен волюнтаризм, басқалардың мүддесін ескермеу деген оғаштықтар ешқашанда береке бермеген. Айналасын қырып-жоятын осы қарқынынан айнымаса, басқа да. Соның ішінде өз елінің ішіндегі тұйықтарға тірелмекші.
Тек, әйтеуір, қазақ айтпақшы, тағы да бір соғыс болмасын, мына соғыс тоқтатылсын, мына дүниежүзілік дүрбелеңнің арты жақсы болсын...
Әміржан Қосан