Қазақстан – астық экспорты бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі. Соңғы бір жылда 7,6 млн тоннаға жуық астық сатылды. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58% артық. Жалпы тұрақты нарық тізімінде 20-дан аса ел бар. Бұл қай мемлекеттер?
Еліміз 7,6 млн тонна астық экспорттады
Отандық диқандар былтыр орақ науқаны аяқталысымен қамбаға түскен астықты экспорттады. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айынан сәуірдің соңына дейін 7 млн 600 мың тонна дәнді дақыл сатылды. Яғни экспорт көлемі 58% өсті. Оның ішінде Иранға экспорт 16,5 есе артып, 889 мың тоннаға жетті. Ал Әзербайжанға 113 есе өсіп, 570 мыңға жуық тонна астық сатып алды. Тәжікстанға 51% артып, 1 млн тоннадан аса бидай экспорталған. Қазір елімізді бидаймен қатар майлы және бұршақ дақылдары нарықтарын кеңейтуге ден қойылды. Бұл бағытта тиісті келісімдер жасалды.
Еліміз Өзбекстанға 3,3 млн тонна бидай жеткізді
Қазақстан бидай экспорты бойынша алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр сыртқы нарыққа 10 млн тонна бидай шығарылды. Соның 3,3 млн тоннасы Өзбекстанға тиесілі. Яғни оңтүстіктегі көршіміз 600 млн доллар көлемінде дәнді дақыл сатып алған. Жалпы соңғы жылдары қазақстандық бидайға сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сарапшылар мұны дәнді дақыл сапасының жоғары болуымен және логистикалық бағыттардың тиімді жетілдіруімен байланыстырады.
Қазақстан астық экспортын 12 млн тоннаға жеткізбек
Қазақстандық астықты алдыратын елдер қатары жылдан жылға артып келеді. Өзбекстаннан бөлек, Тәжікстан, Қытай, Иран, Ауғанстан және Қырғызстан тұрақты тұтынушы саналады. Бұл қатарға жақында Әзербайжан, Грузия, Түркия қосылды. Марокко мен Біріккен Араб Әмірліктері біздің астығымызға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ Солтүстік Африка және Еуроодақ елдеріне Қара және Балтық теңіздерінің порттары арқылы 2 млн тоннаға дейінгі көлемде астық тасымалдау мәселесі пысықталып жатыр. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі биыл өнім бітік шықса, экспорт көлемі 12 млн тоннаға жетуі мүмкін деп жоспарлап отыр.
Related items