What are you looking for?

Ақтөбеде Әлия есімді қыз-келіншектер форумы өтті

10.06.2025

Ақтөбеде ерекше форум өтті. Ерекшелігі сол, бұл жиынға тек «Әлия» есімді 300-ден астам қыз-келіншек шақырылған. Олардың ең жасы екі айлық болса, үлкені сексеннен асқан. Бұл қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай атқарылып жатқан шаралардың бірі.

Әлия Молдағұлова Ақтөбедегі мектептердің бірінде ұстаздық қызмет атқарады. Қызығы – оның әкесі мен ағаларына да қазақ батырларының есімі берілген. Бірі Сырым, екіншісі – Бауыржан. Әлия өзінің тегі мен есімін ерекше мақтан тұтады.

Әлия молдағұлова, мұғалім:

Көбісі таңғалып, сенбей жатады. Шын ба, жеке куәлігіңізді көрсетіңіз дейді. Мақтап, алдыңғы қатарға шығаратын еді. Осы есімнің арқасында көп жерлерде рухтанып, алдыңғы қатарда жүремін.

Әлия есімді қыз-келіншектер алдымен батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Олардың 250-і Ақтөбе қаласынан, басқалары аудандардан келген. Аттас арулар бір-бірімен танысып-білісіп, мәре-сәре болысты.

Әлия Оразай, журналист:

Мен ата-анамның 13-перзентімін. «Әлия» деген кезде бәріміз жалт қараймыз. Сосын құшақтасып, бір-бірімізді қуантамыз.

Елімізде «Әлия» есімді 70 мыңнан аса адам бар. Оның 4 мыңға жуығы Ақтөбе облысында тұрады. Бүгінгі форумға жиналғандардың ішінде дәрігерлер мен мұғалімдердің көп екені анықталды. Шараның мақсаты — Әлия есіміне лайықты тұлғаларды қалың бұқараға таныстыру.

Гүлжайна бейсенғалиева, Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

Ең көп Әлия есімін алғандар Қобда ауданында. Шетелдерде де дүниеге келген Әлия есімділер бар екен. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұрады. Қазіргі жиналған Әлиялардың ең үлкені 88 жастағы әжеміз.

Форум барысында өз саласында жетістікке жеткен Әлияларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлиялар да ұмыт қалмады. Қатысушылар туралы деректер «Мен — Әлиямын» анықтамалығына енгізіліп, өздеріне сыйлыққа берілді.

Жақсыбек Кемал

Social Link

Follow Me On Social Media