What are you looking for?

Өнеркәсіпте өз орындары бар

08.03.2025

SteppeUp стратегиялық коммуникациялар агенттігі өнеркәсіп саласындағы әйелдердің жағдайын байыптаған зерттеу нәтижелерін жариялады.

Зерттеу еліміздің 14 өңірінде жүргізіліп, оған 2 115 өндіріс қызметкері мен 235 техникалық оқу орындарының студенттері қатысқан. Зерттеу деректері бо­йынша, өнеркәсіп саласында жұ­мыс істейтіндердің 31,7%-ын әйелдер құрайды. Әйелдердің бі­лім деңгейі ерлермен тең болға­ны­на қарамастан, олардың көпші­лігі мамандығы бойынша жұ­мыс істемейді. Сондай-ақ мансап пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру қажеттілігі әйелдер­ге қосымша қиындық тудырып отыр. Сарапшылар өнеркәсіптегі әйелдерді қолдау үшін кәсіби бағ­­­дар беру, икемді жұмыс шарттарын ­жасау, тәлімгерлік бағдарла­ма­ларды дамыту қажеттігін айтады.

Әдетте өнеркәсіп ерлер басым­дық танытатын саласы ретінде қабылданады. Дегенмен елімізде бұл салада еңбек ететін әйелдердің саны артып келеді. Әйелдер геология, энергетика, тау-кен ісі, басқа да ө­ндірістік салаларда еңбек етіп, то­лайым табыстарға қол жеткізіп жүр.

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметіне сәйкес өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жалпы жұмыскерлердің 18%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш ер­лерге қарағанда айтарлықтай тө­мен болғанымен, жыл сайын өсіп келеді. Әйелдер көбінесе есептеу, зерт­теу, басқару жұмыстарында көбі­рек шоғырланған, ауыр өнді­ріс­тік кәсіптерде де өзін көрсете бастады. Өнеркәсіптегі әйелдер са­нының артуы – тек теңдік мәсе­ле­сі ғана емес, сонымен қатар экономикалық дамуда маңызды фак­тор болып отыр. Өнеркәсіп сала­сында әйелдердің рөлі артып келе жат­қанынан нақты мысалдар келтірелік.

Алуа Қаржаубаева – жас гео­лог, бірнеше жыл ішінде қара­па­йым техник-геологтен ресурс гео­ло­­гіне дейін көтерілген. Елімізде гео­­логия саласындағы әйел­дер­дің кө­беюін қалайды, бұл сала­ға қыз­дарды көп­теп тартуды мақсат етеді.

Жамал Серікқызы – ҚБТУ профессоры, геология ғылымдары­ның докторы. Ғылым мен техника­лық салаларда әйелдердің рөлін нығайтып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге атсалысып жүр.

Фатима Галямова – 30 жылдан астам тәжірибесі бар энергетик. Павлодарда туып-өскен, манса­бын электрмен жабдықтау саласында бастап, кейін 12 жыл бойы қосал­қы стансаларда электрмонтер болып қызмет етті. Отбасы мен жұмыс­ты қатар алып жүріп, энергетикаға деген сүйіспеншілігін жоғалтқан емес. Ф.Галямова да техникалық мамандықтарға қыздардың қызығу­шылығын арттыру қажет екенін айтады.

Әлия Бақаева – токарь, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Бас­тап­қыда мұғалім болып жұмыс істеп, кейін зауытқа қоймашы болып орналасады. Токарьлық іске қызығып, кәсібін меңгеріп ала­ды. Сөйтіп, отбасының асыраушы­сы ретінде жұмысын жалғасты­рып, әріптестері арасында құрмет­ке ие болды. Бүгінде еңбекқор­лы­ғы мен табандылығы басқа қыз-келіншектерге үлгі.

Кен байыту саласында да ерлермен қатар еңбек етіп жүр­ген әйел-ана, қыз-келіншектер бар­шылық. Соның бірі – Шолпан Төлемісова. Шолпан – тау-кен ин­женері, еңбек жолын еден жуу­­шыдан бастап, табандылығы мен тәжірибесінің арқасында инженерлікке дейін көтерілген. Әйелдердің тау-кен саласында да табысқа жете алатынын дәлелдеп жүргеніне қуанады.