What are you looking for?

Қазақстан Батуми порты арқылы экспорт әлеуетін арттырып жатыр

13.06.2025

Транскаспий көлік дәлізін дамыту және Қазақстанның әлемдік логистикадағы әлеуетін нығайту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы бұл пәрменін «ҚазТрансОйл» компаниясы кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Ол Батуми мұнай терминалы мен теңіз портының 100%-тік үлесін басқарудың эксклюзивті құқығына ие.

Батуми порты – еліміздің Қара теңіздегі стратегиялық логистикалық өзегі. Мұнда жүктің түр-түрін тасымалдайтын мұнай және контейнер терминалы бар. Мәселен, 230 мың TEU қуаты бар контейнер жеке айлақпен жасақталған. Порт Қазақстанның Транскаспий бағытындағы халықаралық сауда әлеуетін нығайтады.

Ұлан Тілеуғали, «Батуми теңіз порты» ЖШҚ бас директоры:

- Былтыр Батуми теңіз портымен 6,6 млн тонна жүк тасымалдадық. Ал биылғы 5 айда 3,1 млн тоннасын өткіздік. Бұл алдыңғы сәйкес кезеңнен 16% көп. Біз «Батуми теңіз портының» биыл да өндірістік көрсеткіштерді сақтап, өсіру бағытындағы жұмысты жалғастыра беретініне сенеміз.

Қазақстан Батуми портының мұнай құю айлағы арқылы мазут пен сұйытылған көмірсутек газын тасымалдайды. Сондай-ақ сыртқы нарыққа отандық аммофос пен аммиак селитрасы жеткізіледі.

Тенгиз Варшанидзе, «Батуми теңіз порты» ЖШҚ операциялық директоры:

- «Батуми теңіз порты» – Грузиядағы экологиялық стандартқа сай EcoPorts сертификатына ие болған алғашқы порт. Бұған қоса, «Батуми теңіз порты» ISPS Code халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған.

Батуми порты – стратегиялық міндеттерді орындап қоймай, болашаққа бағдар береді. Басты мақсат біреу – Қазақстанды тікелей жаһандық нарыққа шығару.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Social Link

Follow Me On Social Media