What are you looking for?

Түркістан облысының шаруалары мақтаның орнына күнбағыс өсіре бастады

15.06.2025

Түркістан облысының шаруалары мақтаның орнына күнбағыс өсіре бастады, деп хабарлайды 24KZ. Саурандық диқандар пісте тұқымын 250 гектар алқапқа екті. Олар дайын өнімді күзде экспортқа шығаруды көздеп отыр.

Раджаб Кариев 30 жыл бойы егіншілікпен айналысады. 2007 жылы шаруа қожалығын құрып, былтырға дейін мақта егіп келді. Бірақ ақ алтынның пайдасынан гөрі шығыны мен машақаты көп болғандықтан, биыл 25 гектар алқапқа күнбағыс еккен. Нәтижесі жаман емес. Сәуір айында егілген майлы дақыл жайқалып тұр.

Раджаб Кариев, кәсіпкер:

- Елмен келісе отырып, әр жерге ектік. Қай жерді пісте таңдайды, сол өңірлерге егеміз. Өйткені Шорнақ ауылында 4300 гектар суармалы жер бар. Мақта дақылынан кетіп, біздер осы күнбағыс дақылын енгіздік, ектік. Күзде жинаймыз. Бұны қуыратын, орайтын цехтарға тапсырыс беріп, әрекет істеп жатырмыз. Біз енді әр гектардан 3 тоннаға есептеп отырмыз. Қазір сатып алушылар келіп көріп кетті.

Кәсіпкер пісте тұқымының элиталық сұрпын Қытайдан әкелген. Күнбағысты алғаш рет еккендіктен, Өзбекстаннан арнайы мамандар шақыртқан. Қазір оны көрші елдің агрономдары күтіп-баптап отыр.

Ислом Рустамов, агроном:

- Пістенің биіктігі 1 метр 82 сантиметрге жетеді. Өнім тамыздың ортасына қарай пісіп-жетіледі. Бір-екі аптада гүлдей бастайды. Дақыл бітік шыққан.

Диқандар дайын өнімді экспортқа шығармақ. Себебі сұраныс бар. Жалпы биыл облыс аумағында бұрын мақта егілген екі мың гектарға күнбағыс дақылы егілді.

Ақтөре Түймебек, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Негізгі үлкен күнбағыс дақылын еккен аудандар ол Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Шардара, Отырар, Сауран аудандарында 200 гектардан, ал одан бөлек, үйіргелік жерге еккен аудандар да бар. Бізде облыста күнбағыс дақылы шикізат түрінде егіледі, май зауыттарына өткізілмейді. Жылдың соңғында ішкі нарықтарға және экспортқа жіберу қарастырылып отыр.

Майлы дақыл еккен шаруаларға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Сатып алынған тыңайтқыш құнының 60%-і, ал зиянкестерге қарсы қолданылатын препараттардың 50%-і субсидияланады. Шаруалар алдағы уақытта тамшылатып суару технологиясын енгізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерборлат Әбіш

Social Link

Follow Me On Social Media