Израиль Иранның 200-ден астам нысанын бомбалады .
Ернат Рахметолла, тілші:
- Израиль өткен жұмада бастаған Иранға қарсы әскери операциясын одан әрі күшейтті. Тегеран қарымта ретінде Хайфа, Тель-Авив және Құдысқа дрон аттандырып, зымыранмен атқылады.
Екі елдің де қалалары қирап, халқы қырылып жатыр.
Жағдай оңай емес. Кейінгі ақпарат бойынша, қарулы қақтығыс салдарынан Иранда 224, ал Израильде 24 адам қаза тапты.
Израиль қақтығыс бастаған 4 күннен бері Иран аумағындағы 200-ден астам нысанды бомбалап үлгерді. Бомбалар үкіметтік, әскери, өнеркәсіптік және ғылыми-текхникалық орындарды талқандаған.
Бұл Тегеран маңында тас-талқан болған Шахран мұнай қоймасы. Ал мынау Зенджандағы "Ислам төңкерісі сақшылары корпусының" отқа оранған әскери базасы. Келесі суретте – Натанз қаласындағы ең ірі уран байыту кәсіпорны. Онда соққы салдарынан химиялық зат таралған, бірақ радиация қаупі жоқ дейді мамандар.
Масуд Пезешкиан, Иран президенті:
"Израиль тоқтау дегенді білмейді. Олар қалаған жеріне басып кіреді. Біз басқыншылыққа қарсы аяусыз соққы береміз. Жазықсыздан жазықсыз босқа көп адам қырылады."
Израиль тек қана әскери немесе ғылыми нысандарды ғана емес, үйлерді де бомбалап жатыр. Әуе соққыларынан келген шығын әлі есептелген жоқ. Кадрларға қарасақ, шабуыл салдары ауыр әрі алапат. Кейбір ғимараттар толығымен жермен-жексен болған. Тегеран тұрғындары жаңа шабуылдар болады деген үреймен үйлерін тастап, ел астанасынан жаппай кетіп жатыр. Көбі елдің теріскейін бетке алған. Халық азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттарды талап әкетіп жатыр. Жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек.
БЛИЦ:
"Адамдар әбден шошып қалған. Қаладан тезірек кету үшін жанталасып жатыр. Жанармай алу мұңға айналды."
"Бізге негізі 40-50 литр жанармай керек. Бірақ одан 2 есе аз сатады. Алған жанармайымыз тез таусылып, қайта-қайта кезекке тұрып жатырмыз."
"Қалада уақытша паналайтын орын жоқ. Үйімізге соққы жасалса, қайда барып, бас сауғалайтынымызды білмеймін."
Израильдің әуе қатынасы толық тоқтады
Иран да қарап қалған жоқ. Израильдің Хайфа қаласының маңындағы "Базан" мұнай өңдеу зауытын атқылады. Дәл тиген зымыран шабуылынан 3 адам қаза тапқан. Аталған зауыт күніне 200 мың баррель мұнай өндірген. Израильде әуе қатынаты толық тоқтады. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы басты халықаралық әуежай жабылып қалған. Билік әуе рейстері қашан қалпына келетінін білмейді. Әсіресе Израильге қыдырып барған туристерге қиын. Олар 4 күннен бері үйіне қайта алмай, қамығып отыр.
Махла Финкельман, канадалық турист:
"Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Қыдыруға емес, қиналуға келгендейміз. Мен ғана емес, Израильдегі бүкіл адамның мазасы қашты."
Джастин Джойнер, американдық турист:
"Зымырандардың ысқырған дауысы, атыс-шабыс дыбысы – өте қорқынышты. Қолыңа ұлыңды ұстап алып, бомбаханаға жанталаса жүгіру – қиямет."
Карен Тюрим, британдық турист:
"Қызым осында тұратын. Соған келе қойғанмын ғой. 1 апта демаламыз деп ойлағанбыз. Бірақ мен келгеннен 2 күннен кейін Израиль Иранға шабуыл жасады да дүние астан-кестең болып кетті."
Шахтың ұлы: Иран режимін құлату керек!
"Иранның қазіргі режимін құлату керек." Парсылардың соңғы шахы – Мохаммед Реза Пехвелидің ұлы Кир Реза Иран халқына "Төңкеріс жасау керек" деген үндеу тастады.
Кир Реза Пехлеви, Иранның соңғы шахының ұлы:
"Ұрымтал сәт туды. Қазіргі нәубеттің бірден бір себебі Иран режимі. Азаматтар оған қарсы жаппай бас көтеруі керек. Үміт сәулесі жанды, жаңа қуат пайда болды. Иранды еркін әлемге алып шығу қажет. Қазір режим қатты әлсіреп тұр. Төңкеріп тастау керек. Бәрі Әли Хаменейдің кесірінен болып жатыр. Мына соғыс Иран халқының емес, Әли Хаменейдің жеке соғысы. Еркіндік пен демократияға қол жеткізу керек."
Бұл бейнежазбаны "Рейтер" агенттігі таратты. Бірақ Иран шахының ұлы қай елде сөйлеп тұрғаны көрсетілмеген. Дереккөздер бойынша ол негізінен АҚШ-та тұрады. Сұхбатты британиялық "Би-Би-Си" телеарнасының журналисі Лаура Куенсберг алған.
Сарапшылар "Пехлеви шахтың тұсында Иран Израильдің одақтасы болған еді" дейді. Әдетте эфирден көрінбейтін шахтың ұлы британиялық телеарнаның экранынан аяқ астынан қалай атып шықты?!.. Дәл осы тұста Израиль премьер-министрі де мәлімдеме жасады.
Б. Нетаньяху: Аятолла Хаменеиді өлтіруіміз керек
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі
"АҚШ-пен келіссөз болып жатқанда Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи күнде Израиль жойылсын деумен болды. Біз Аятолла Хаменейді өлтіруіміз керек. Оны өлтіру қақтығысты ушықтырмайды, керісінше аяқтайды."
Сарапшылар шахтың баласы мен Израиль премьер-министрінің бір мезеттте және бірдей мазмұнда мәлімдеме жасағанына назар аударып отыр. Аятолла Хаменейдің көзін жою керек деген Нетаньяхуды Дональд Трамп тоқтатқан.