Қарадала төскейі тал ексе жайқалып шыға келетін құнарға ие. Ауыл шаруашылығы дақылдарымен қатар, жеміс-жидек, әсіресе, өрік өсіруді атакәсіпке айналдырған шаруа қатары көбейіп келеді. Сары өрік бұл күнде өңір брендіне айналды десек асыра айтқандық емес. Ұйғыр ауданында алғаш рет өңірлік «Apricot Fest» өрік фестивалі өтті. Фестиваль ауданның жазғы туризм күнтізбесіндегі жарқын оқиғаға айналып, фермер, қолөнерші, өңдеу өнеркәсібі өкілдері, туристер мен инвесторларды бір алаңда тоғыстырды.
Аудандағы 4 095 гектар бақтың 3 100 гектары өрік бауларына тиесілі. Жыл сайын мұнда 22 мың тоннаға дейін өнім жиналып, оның 4 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарығына экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарықта сұранысқа ие. Бүгінде өріктің бір килосы 250–300 теңге аралығында сатылып жатыр.
«Apricot Fest» – экотуризм мен өңірлік экономиканы дамытудың тамаша бастамасы. Бұл – табиғат пен мәдениетті, жергілікті өнім мен бірегейлікті тоғыстыратын алаң. Бастапқы кезеңнен-ақ жоба шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып отыр. Қырғызстан мен Өзбекстан компаниялары фестиваль аясында өнім жеткізу бойынша келісімдер жасады», дейді салтанатты жиында сөз алған Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев.
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова өріктің өңір үшін ерекше рәміздік мәні бар екенін атап өтті.
«Өрік – біздің ауданның тек ауыл шаруашылығы өнімі емес, экономикамыздың, мәдениетіміздің де белгісі. «Apricot Fest» фестивалін жыл сайын дәстүрге айналдырып, өңірге келетін туристер ағынын арттырғымыз келеді», деді ол.
Фестиваль аясында түрлі гастрономиялық аймақтар, жергілікті өнімдер жәрмеңкесі, этно-шоулар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
«Ауыл жанданды. Көптен күткен қозғалыс, жаңғыру басталды. Келушілер қызығушылықпен тамашалап, өнімнің дәмін көріп жатыр. Бізге дәл осындай шаралар қажет еді», дейді тұрғын Равиль Анадуллаев. Фестивальға алыс-жақыннан ағылған меймандар аз болмады. Олар өз кезегінде есте қаларлық шараға ризашылығын білдіріп, сары өріктен көптеп сатып алғандарын да қуана айтып
жатты.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, келер жылдан бастап «Apricot Fest» фестивалін сәуір айында, өрік баулары гүлденетін кезеңде өткізу жоспарланып отыр. «Өрік гүлдегенде баулар көздің жауын алады. Біз сәуірдегі фестивальда туристер ағыны одан сайын көбейеді деп сенеміз», дейді Қуанышбек Мирамбекұлы.
Алғашқы «Apricot Fest» фестивалі тек өнім мерекесі ғана емес, әрі жаңа туристік және инвестициялық бағыт қалыптастырудың бастауына айналды. Өз кезегінде өрік те экспорттық өнім ғана емес, өңір рәмізіне, қонақжайлылық пен мүмкіндіктер көрсеткішіне айналары анық.
Алматы облысы