0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Батыс Қазақстан облысында ерлермен қатар иық тіресіп, жол құрылысы саласында еңбек етіп келе жатқан жалғыз кәсіпкер әйел 200-ге жуық қызметкері бар кәсіпорынды басқарады. Жылда жұмысшыларының аналарына алғыс айтып, сый-құрмет көрсетеді. Әріптесім Ардақ Мұратқызы аналарды ардақтаған іскер әйел туралы кеңірек баяндайды.
Кәсіпкер Жанна Кенжина әр күнін анасына күтім жасаудан бастайды. Дәрі-дәрмегін беріп, жаттығуын жасатады. Жұмысқа қанша асықса да, анасына көңіл бөлмей үйден шықпайды.
Ал қызметте талапшыл басшы, іскер әйел. Ашылғанына 15 жыл болған кәсіпорынды құру, жол саласында ер азаматтармен қатар еңбек ету оңай болмаған.
Жанна Кенжина, жол құрылысы кәсіпорнының басшысы, кәсіпкер:
Бизнесті 2004 жылдан бастадық. Жеке кәсіпкер болып, Ақтөбеден материал, инертті материал, қиыршық тас тасыдық. Сосын пәтер сатып, бір КаМАЗ алып, арендаға береміз деп, ПГС тасумен айналыстық. 2008 жылы кәсіпорын ашып, содан бері жол құрылысы саласында еңбек етіп жүрміз. Бизнесте әйел адам, ер адам деген сөз жоқ қой. Сол қиындық ер адамдарда да, әйел адамдарда да болады.
Жол құрылысы кәсіпорнында 200-ге жуық адам еңбек етеді. Қазір ұжым Подстепное-Ресей шекарасы күре жолында көпір салып жатыр. Ақсай-Теректі тасжолын күрделі жөндеуге материал мен техника дайындығына кіріскен. Кейіпкеріміз ақшұнақ аяз бен аптап ыстықта да іс басында жұмысшыларымен бірге жүреді.
Ерболат Тәстенов, жол құрылысы кәсіпорнының зертхана меңгерушісі:
Басшымыз — ең алдымен, өте білікті маман. Жағдайымыз жақсы. Айлығымыз уақытылы. Кәсіпорын атынан арнайы киіммен қамтамасыз ету, алыстан қатынайтын жұмысшыларға жатақхана қарастырылған. Және қызметкерлер 100 % ыстық тағаммен қамтылған.
Кәсіпкер әдемі мереке қарсаңында ұжымдағы әйел адамдарға ғана емес, барлық жұмысшының аналарына дастархан жайып, құрмет көрсетті. Аяулы жандарды Алғыс хатпен марапаттап, құшағын гүлге толтырды.
Мәрия Нұрғалиева, Жаңақала ауданының тұрғыны:
Баламның жұмыс орны құрмет көрсетіп, грамота беріп жатыр. Рахмет басшыларына. Аналарға тілегім, өсірген ұл-қыздарының рахатын көріп, дендері сау, замандары тыныш болып, балаларының жақсылығына бөленіп отыра берсін.
Кәсіпкер әйел – үйінде аяулы жар, ардақты ана. Бос уақытының барлығын отбасына арнауға тырысады. Жолдасы мен ұлы өзі құрған кәсіпорында қызмет етеді. Сондықтан жұмыс бабын түсініп, Жаннаны әркез қолдайды.
Ардақ Мұратқызы