What are you looking for?

Құштарлық

20.06.2025

Өнерде шекара жоқ. Көр­кем кеңістікте әркімнің өз қолтаңбасы, өз даусы бар. Нағыз өнер жан­кештіліктен тұрса керек. Иә, өнерге әркім әртүрлі жолмен келеді. Біреулер талантын шыңдап, өнерге қызығушылықпен аяқ басады: қалағанынша еркін айналысады. Енді біреулер әлемге деген іштегі қар­сылығын өнер арқылы көр­сеткісі келеді.

Суретші Кәріпбек Күйіковтің есімі елге мәлім. Қос қолсыз өмір сүрсе де, қаншама жанның қабырғасын қайыстырған ауыр қайғының салмағын кенеп бе­тінде суреттеді. Суретші 1947–1991 жылдар аралығында 490 дүркін атом бомбасы (26 дүркін жер бетінде, 87 дүркін атмосферада, 354 дүркін жер астында) жарылып, сынақ жүргізілген Семей ядролық полигонына іргелес Егіндібұлақ ауылында туған. Зұлмат жарылыстың зардабын тартқан Кәріпбек Күйіков бұл тақырыпты шығар­машылығының өзегіне айналдырды. Мәселен, «Алғашқы жарылыс» туындысында ол күйіп кеткен даланың ортасында көк­ке қарай көтерілген ядролық саңырауқұлақты бейнелейді.

о

«Бала кезімде жарылыс­тан үйдегі аспалы шамдар қозғалып, ыдыс-аяқ сылдырлайтын. Бәріміз далаға атып шығатынбыз. Бізге радио хабарлама арқылы еш­қандай радиацияның тара­мағаны туралы айтатын. Сөйт­сек, олай болмапты, мен туған ауыл 40 жыл радиация уын жұтыпты. Көптеген отбасында мүгедек балалар дүниеге келді. Соның бірі менмін. Сондықтан өмірімді осы мәселеге арнадым», дейді суретші.

Ол мүгедек балаларға ар­налған арнайы мектеп-интернатта оқыған кезден-ақ бояулы қарындаштарды ермек етіпті. Икемге келмесе де, бар ниетімен ұмтылыпты. Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне кейін жұрт қызыға бастайды. Алайда мольберт алдында ұзақ отыру белін одан әрі бүкірейтетін болған соң, дә­рігерлер оған аяғымен сурет салуға тыйым салған. Қайсар мінезді жан кейін қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуға машықтанады. Өмірге, өнерге деген құштарлық осындай болса керек-ті.

л

Кез келген өнер туындысы – ав­тордың өмірге деген көз­­қара­сын білдіреді. Кә­ріпбек Күйіков­тің суреттері де – жан дүниесінің, көңіл күйінің көрінісі. Түстердің палитрасы да тақырыптың ауыр­лығын сездіріп тұрады. Қинал­ған сәтте салған картинала­ры тү­нерген аспандай қараң­ғы бо­лып шығады. Ал полигон құр­бандарына арналған суреттерінде қасірет пен күйініш басым. Кәріп­бек Күйіков бір сұхбатында: «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын», дейді. Оның түрлі тағ­дыр тоғысқан тіршілікке құштар­лығы мен өнерге деген нәзік сезімі – бәрі-бәрі өзінің осы бір ауыз сөзіне сыйып тұрғандай.

Суретші «Бесіктегі қолсыз сәби», «Күннің тұтылуы», «Ядро­лық тұман», «Арал тағдыры» сияқты суреттеріне қарап тұрып: «Мен таңдаған тақырып бұл емес еді. Алайда қайғы-қасірет жұтқан даланың зарын қаламыма арқау етуге мәжбүр болдым», дейді. Осындай жанкештілікпен 200-ден астам сурет салыпты. Көрмелері Хиросима мен Нагасакиде, Нью-Йоркте, «Менің сіздерді құшақ­тайтын жүрегім бар» деген атпен Ослода және Германия, Түркия, Аустрия, Нидерланд елдерінде өткен. Оның өнерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар өте жоғары бағалады.

Social Link

Follow Me On Social Media