Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында 100 жасаған қарт әже тұрады.
Ұлжан Темірболатова саналы ғұмырының 84 жылын құрылыс саласына арнапты. Ауылдастары «Құрылысшы әже» деп танитын қария 1925 жылы дүниеге келген. Сұрапыл соғыс кезінде «Гурьев-Астарахан» теміржолын салысқандардың бірі. 1957 жылдан Қызылқоға ауданын қоныстанып, ұрпақ өсіріп, аудандағы 60-80-жылдары бой көтерген ғимараттарға қолтаңбасын қалдырыпты. Бүгінде ғасыр жасаған әже өзінен өрген 5 перзенттен тарайтын 40-тан астам немере-жиен мен шөберелерінің қызығына кенеліп отыр.
Өмір бойы еңбектен қол үзбеген Ұлжан әже әлі де тың. Аяқ-жолын таниды, шөберелерін бағудан қалмаған. Ұлжан Темірболатова 1925 жылдың ақпанында Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылында қақаған қыста өмірге келгенін айтады. 16 жасынан еңбекке араласып, ел басына төнген талай зұлматты еңсеруге атсалысқан ардагер-ана, соғыс жылдары «Гурьев-Астрахан» теміржол құрылысын салғандардың бірі.
Ұлжан Темірболатова, Қызылқоға ауылының тұрғыны:
-Жол салып, топырақ тасып жүргенімізде самолёттер ұшады. Біздің самолёттер емес, дауысы қатты, мынаның даусы жіңішке аш масаның даусындай. Келе жатқанда «тығыл-тығыл» деп қазған шұқырымызға тығыламыз. Көрмегеніміз жоқ, аш жүрдік жалаңаш жүрдік. Сөйтіп жүріп жұмыс жасадым. Қай жұмыста жүрсем де жаман атақ алғаным жоқ. Тек алға, тек алға!
Бүгінде «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атанған Ұлжан әженің өңірінде ондаған орден-медаль жарқырайды. Ол 84 жыл бойы төгілген тердің жемісі. 1946 жылы майданнан оралған жаралы жауынгер Мәтжан Ғұбайдуллинмен бас құраған кейуана 5 ұл мен қызды өмірге әкеліпті. Айтқандай, Ұлжан әженің ұрпақтары атаулы мерекелерді қара шаңырақта атап өтуді дәстүрге айналдырған. Әже бауырынан өрбіген 40-тан астам өрен-жаранның ыстық ұясы — қарт ананың құшағы.
Жазира Есенғазы, келіні:
- Әжеміз жақсы, тың. Далаға өз аяғымен шығады. мал қараған кісі. Әлі күнге дайын малын сұрап отырады. Төлдеді ме, бұзаулады ма деп. Баларымызды бағып отыр әлі күнге шейін.
Ұлжан әженің балаларының алды 75-ке жетіп кейінгілері 60-тың асқарына көтерілді. Олардан көрген ұрпақтың өзі бірғауым елді құраған. Саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған қайсар әже елдің амандығын, заманның тыныштығын тілейді.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Related items