Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іздеуде жүрген адамнан құны 2,3 млрд теңгеден асатын мүлікті тәркіледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .
Антикор мәліметінше, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген адамның қаражаты мен активтері қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген.
Ол қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлік, соның ішінде жұбайына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 млрд теңге көлеміндегі заңға қайшы ақшаны пайдаланған.
"Олардың қатарына Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс көлік, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыстар жатады. Тергеу барысында қосымша 1,7 млн АҚШ доллары (872 млн теңгеден аса) және айыпталушы мен оның жұбайының Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі шоттарынан 47 млн теңге анықталды. Олар қылмыс жасау кезеңінде алынған және олардың ресми табыстарына сәйкес келмейді. 16 маусымдағы сот қаулысымен қаражат пен мүліктер мемлекет кірісіне тәркіленді", — деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!