Қазақстанда жаңа ұлттық мейрам — Тұлпар күні пайда болуы мүмкін, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мəжіліс депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді. Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Үкіметке жылқы шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша сауал жолдады. Олар саладағы бірқатар мәселені көрсетті, мысалы сапасыз жылқы етінің импорты, жылқыға қатысты мамандықтар бойынша жүйелі білім болмауы, ипподромдарды жаңғырту. Сондай-ақ, олар Тұлпар күнін ұлттық мейрам ретінде бекітуді ұсынған еді.
Олжас Бектеновтің жауабына сүйенсек, жылқы шаруашылығы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларына енгізілген. Кейінгі бес жылда бұл саланы дамытуға бюджеттен 9,4 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген, оның ішінде биыл шамамен 900 миллион теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, премьер-министр маусымның екінші жексенбісінде Қазақстанда мал шаруашылығы саласындағы барлық қызметкерді, соның ішінде жылқы шаруашылығы мамандарын да қамтитын кәсіби мейрам — малшылар күні атап өтілетінін еске салды. Сонымен қатар, БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 11 шілде ұйымға мүше елдерде Дүниежүзілік жылқы күні ретінде аталып өтеді.
"Осыған байланысты Тұлпар күнін арнайы ұлттық мейрам ретінде енгізу мәселесі қосымша қаралады", — деп жазылған жауапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!