Қостанай қаласының полиция қызметкері Ерлік Сұрағанов басын қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден қарт кісіні алып шыққан.
Сын сәтте көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ескеріліп, Президент өз қолымен оның кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты. Бірақ болмысынан қарапайым жігіт өзін ерлік жасадым деп санамайды. Бұл қызметтік міндетім, азаматтық борышым деп біледі.
Сол күні патрульдік полицияның аға инспекторы Ерлік Сұрағанов кезекті ауысымға шыққан. Таңғы сағат 3-4 шамасында бірге істейтін әріптесі телефон шалып, тұрып жатқан үйінде түтін иісі сезілетіндігін, сол маңайды бақылап шығуды өтініпті. Мекен-жайға тақап келгенде, бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы бір пәтерден түтін шығып жатқандығын байқайды. Қасындағы серігін тұрғындарды оятып, ескертуге жіберіп, өзі жанып жатқан пәтерге ұмтылған.
Ерлік Сұрағанов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
- Есікті аштым, ауаның кірген себебінен от одан қатты жана бастады. Ана кісінің айғайы көмектесіңіз деген айғайы жүрегіме батып, ойымда тек қана сол кісінің өмірін алып қалу. Сондықтан үйге кіріп, еңбектеп, үйде іздеп-іздеп, жаңағы кісіні шықсам, балконда отыр екен ол кісі. Сосын жаңағы жерде мата тауып алдым, сол матамен сол кісінің үстін жауып, сол кісіні көтеріп, абырой болғанда аман-сау ол кісі де, мен де пәтерден шықтық.
Осы оқиғадан кейін Ерлік Сұрағанов Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ол өз әріптестері арасында да сый- құрметке ие.
Медет Қойшығұлов, патрульдік полиция батальонының взвод командирі:
- Өзінің жұмысына бекем. Осы әрдайым адамдарға жанашып, көмектесіп жүріп жүретін әріптесімінің бірі ғой. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Тәртібі өте жақсы. Мығым жігіттердің бірі десе болады. Өз жұмысын тиянақты жасайды.
Ерлік Сұрағановтың полиция қызметінде жұмыс істегеніне он жылға жуықтапты. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өнерден де құр алақан емес. Мерекелі іс-шараларда өлең оқып, ән айтады. «Өмірде де, қызметте де қарапайымдылық, адалдық, жауапкершілік деген үш қағидатқа арқа сүйеймін»-дейді бейбіт күннің батыры.
Ерлік Сұрағанов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
- Ең бастысы, адамгершілік, біреудің жан айқайына немқұрайлы қарамау, өз жұмысына адал болу, еліңе адал болу, ең бастысы адам өмірін сақтап қалу үшін бар нәрсені істеу, сондай қасиеттер болу керек адамның бойында.
Ерлік Сұрағанов отбасында адал жар, қамқор әке. Бос уақытын кішкентайы Әлішермен бірге ойын алаңында өткізгенді жақсы көреді.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров