Қызылорда облысының 18 ауылында алкоголь өнімдері сатылмайды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл елді мекендерде ішімдіктен бас тартудың нәтижесінде қылмыс та сап тиылған. Солардың бірі – Өзгент ауылы. Бұл ауылдық округте спирттік ішімдіктердің саудасы тоқтатылғанына 10 жылға жуық уақыт болған.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Зияда Ядыгарованың дүкен ашқанына 20 жыл болған. Соңғы 10 жыл көлемінде ауыл ақсақалдарының ұсынысы бойынша алкагольдік ішімдік сатуды тоқтатқан. «Бұл бастамадан кейін табысым азайып қалған жоқ. Керісінше, кәсібім өрге басып, шағын дүкенім кеңейді», - дейді ол.
Зияда Ядыгарова, кәсіпкер:
- Біздің ауылдың балалары да қазір бет бұрған. Ешқандай ішімдік ішпейді ауылда. Бұзақылық көп еді, қазір жоқ. Тынышпыз, ауыл негізі жақсы ауыл. Ынтымақты, ұйымшыл ауыл.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Өзгент ауылының негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы. Сондықтан мұндағы дүкендерде арақ-шарап емес, мынадай ағарған көбірек сатылады. Жалпы алкагольдік ішімдік сатуды мұндағы дүкендердің барлығы осыдан 10 жыл бұрын тоқтатқан. Содан бері бұл елді мекен аудандағы ең үздік ауылдардың қатарына еніп отыр.
Бір мың сегіз жүзден астам тұрғыны бар ауылдың көшелері түгел асфальттанған. Екі жыл бұрын жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген. Спорттық ойын алаңдары да жеткілікті. Тұрғындардың айтуынша, жастары спортқа бейім елді мекенде соңғы жылдары қылмыс тіркелмеген.
Молдахмет Раманқұлов, Өзгент ауылының тұрғыны:
- Жалпы бізде клуб мәселесі шешілмей тұрған. Қазір екі жылдың көлемінде клуб берді былтыр. Қазір жастар ішінде әртүрлі үйірмелерге кіріп, жақсы болды осы қазір. Қазір күрестен шығып жатыр, әлем чемпионы болып, күреске бейімделіп жатыр. Волейбол бар.
Сүйіндік Асылбаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Ауылдық округтен соңғы 5 жыл көлемінде қылмыс оқиғалары тіркелмеген. Мал ұрлығы және басқа да бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша қылмыс оқиғалары тіркелмеген.
Өңірде Өзгент сияқты түтіні түзу ұшқан ауылдар қатары артып келеді. Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша 49 ауылдық округте соңғы екі жыл бойы қылмыс тіркелмеген. Ал 18 елді мекендегі дүкендер алкагольдік сусын сатудан біржола бас тартқан.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Related items