Астана Халықаралық Қаржы Орталығының Соты және Халықаралық төрелік орталығы АҚШ Сауда палатасымен және Түркі Арбитраж Қауымдастығымен уағдаласты. Тараптар кәсіби құқықтық даму, білім алмасу, бірлескен семинарлар ұйымдастыру және оқыту бағдарламалары бойынша ынтымақтастығын нығайтуды көздеп отыр. Келісімдер бүгін басталған Еуразиялық Арбитраж апталығы аясында жасалды. 2 күнге жалғасатын апталықта 400-ге жуық отандық және шетелдік маман басын қосып, тәжірибе алмаспақ. Әдетте арбитрлік қызметті бизнес өкілдері пайдаланады. Бұл кәсіпте болатын дауларды сотқа жеткізбей балама түрде шешуге мүмкіндік береді.
Асқар Қалдыбаев, АХҚО Халықаралық төрелік орталығының төрешілер алқасының мүшесі:
Арбитраж немесе төрелік біздің нарыққа, біздің кәсіпкерлерге өте маңызды. Тараптар арбитрлерді немесе билерді, қазақша айтқанда өздері таңдап алады да, сол кісілер түпкілікті шешімге келеді. Яғни дауды шешеді. Сотқа бармай осы шешімді жүзеге асыруға болады деген сөз.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты мен халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі және аппарат басшысы:
Инвесторлар қандай да бір дау туындаса, соларды әділ әрі тәуелсіз шеше алатын сенімді институттардың барына көз жеткізгісі келеді. Ал Қазақстанда мұндай институт бар. Ол жоғары деңгейде жұмыс істейді. Соны көрсеткіміз келеді.
Темірлан Нұрсолтан