0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Қосылған құн салығына қатысты заң қабылданғаннан кейін, дәлірегі – 16 пайызға өсіріп және айналымы 15 млн теңгеден басталатын субъектіге салу ережесі заңмен бекіген соң Мәжіліс кулуарында журналистерге үкімет басшысының орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады. «Қорытынды шығаруға асықпау керек. «Толқын ұрғанда барлық қайықты көтереді» деген мақал бар.
Қәнекей, алда қарайық. Экономиканың нақты салаларын дамытуға бағытталған Үкімет шараларының ықпалы бұл өзгерістің кері әсерін жабады» депті вице-премьер-министр.
Сонымен тағы бір рет еске түсіре кетейік: ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратындар ҚҚС-тан босатылады, денсаулық сақтау, IT, туризм, креативті индустрия, азық-түлік салаларына 10 пайыз, қалғанына 16 пайыз салық салынады.
Өткен аптада министрлер кабинеті ірі компанияларға төленуі керек салықты төлеңдер деген. Түрлі айла-амалмен жалтаратындарын жіктеп түсіндірген. Оның ішінде қазақстандықтар жақсы білетін құрылыс компанияларын премьер-министр атап тұрып, мысалға келтірген.
«Бюджетке миллиардтаған айналымдарына сәйкес келмейтін салық төлейді. Мәселен, ірі құрылыс компаниялары BI Group пен BAZIS және басқалар» деген О.Бектенов. орынбасары С.Жұманғарин.
«Премьер қандай деңгейдегі компаниялар екеніне нұсқап тек мысал келтірді. Тиісуге болмайтын компания деген жоқ, салықты бәрі төлейді» деп, төлеуі тиіс салықты осы уақытқа дейін төлемей жүргендерге неге төлетпей келген деген сауал туғызды. Әрине жауап күтпейтін сауал.
Қаржылық мониторинг агенттігі Әділет министрлігіне қарайтын Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен олар «тапқан» мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
Жеткізуші компаниямен алдын-ала келісіп, орталық қызметкерлері сот сараптамасын жүргізетін қондырғыны 3 есе қымбат қылып көрсетеді. Бұл – 2023-24 жылдары болған махинация. Техникалық сипаттамасының талабын өздерінің ымыраласқан компаниясы ғана жеткізе алатындай қылып толтырған.
Сот сараптамалары орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің жетекшісі және олардың сыбайласы – қондырғыны жеткізуші компания бастығы екі айға қамалған. Оларға тиесілі 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынып, компанияның банк есепшотындағы 1,6 млрд теңге, 367 мың АҚШ доллары және 366 мың еуро бұғатталды.
Бұл эпизод мемлекеттік сатып алу процесінің күңгірт екенін кезекті рет дәлелдейді. Неше түрлі құйтырқы амалдар қолданып «асай» салады. «Қондырғының техникалық сипаттамасына орай талапты сыбайласы ғана орындай алатындай қылып толтырған» дедік.
Көп тараған амал. Мемлекет қаржысын жеуге байланысты наразылыққа толы әңгімеде қарапайым адамдарға дейін «сөйтеді бұлар» деп айтатын амал. Бірақ қазына қаржысын тонаудан қорықпайтындардың азаймайтыны қорқытады.