What are you looking for?

Елордада «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзары ашылды

04.07.2025

Астананың Байқоңыр ауданында «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзары ашылды, деп хабарлайды 24KZ. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында коммуналдық сала мамандарының күнделікті еңбегіне осылай алғыс білдірілді. Бұл Абай даңғылының бойына көрік қосып тұр. Аумағы 11 мың шаршы метрге жуық.

Бұл «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзары. Қарапайым, бірақ ел үшін қадірлі мамандық иелеріне құрмет. Сала ардагерлері де, сара жолды жалғаушылар да марапатталды.

Ахмет Жұбановтан Александр Пушкин көшесіне дейін жасыл желекпен көмкерілді. 6000 шаршы метр жаңа көгал төселіп, автоматты суару жүйесі іске қосылды. Балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары да бар.

Табиғат Зейнұлқабден, Астана қалалық мәслихатының төрағасы:

- Күні-түні қызмет етіп, өз еңбектерін көрсеткені үшін соларға деген тағзым, соларға деген үлкен құрметтің белгісі.

Бұл стелланы коммуналдық мамандар қолдан соқты. Композицияда қамыстан тамшы тамып тұр. Тіршілік нәрінің мәнін білдіретін жазбалар жапсырылған. Ескерткіштің Астана су арнасы мекемесінің алдына қойылуы да бекер емес.

Қалымтай Қазыбаев, ардагер:

- Абай көшесі. Тамаша орын табылған, бұдан артық жер жоқ. Әрдайым жұмыстары осылай жана берсін. Халықтың шөлін қандырып, ризалығын алсын.

Жұмысшы мамандардың қызметі көбіне көзге көрінбегенімен, негізінде өмірдің өзегі. Жарық пен жылу, сумен де қамтып отырған солар. Мамандарға арнап ашылған гүлзар да соның маңызын айшықтап тұр.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Жандос Битабаров

Social Link

Follow Me On Social Media