What are you looking for?

Алматы әуежайының қызметкері өзін құтқарған ер адамды үйіне қонаққа шақырды

10.03.2025

Алматы әуежайында қызметкерді кепілден құтқарып қалған Мұса Әбдірайым оның үйінде қонақ болып қайтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мұса Әбдірайым Instagram желісіндегі парақшасында бірнеше күн бұрын өзі құтқарған әуежай қызметкерінің үйіне барып, жағдайын біліп қайтқанын айтты.

"Кешегі әуежайда болған жағдайды бәріңіз көрген боларсыздар, бүгін қарындасымыздың жағдайын біліп қайттық. Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Көрер күніміз жақсылық болсын ағайын", — деп жазды Мұса Әбдірайым.

Сондай-ақ әуежай қызметкерінің үйінде түскен бірнеше фото-видео жариялады. Бейнежазбадан Мұса Әбдірайымның әулет ақсақалынан бата алып жатқанын байқауға болады.

Еске сала кетейік, 7 наурызда Алматыда ер адам әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқаны хабарланған болатын. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 минуттан кейін құқық бұзушыдан полиция қызметкерлері мен әуежайдағы азаматтардың көмегімен суық қаруы алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күдіктінің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.

Кейін "Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісінде видео бөлісіп, әуежайда жұмыс істейтін қызды құтқарған ер адам ағасы екенін айтты.

Алматы әуежайының қызметкерін құтқарып, оны кепілге алған ер адамды ұстауға көмектескен Мұса Әбдірайым оқыс жағдайдың қалай болғанын айтып берді.

Сол арада "Жігіттер" квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов Әбдірайымов Мұса жайлы жазба жариялап, оны мақтан тұтатынын жасырмады.

8 наурызда Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттап, ақшалай сыйақы берді.

Ал әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды.

Social Link

Follow Me On Social Media