What are you looking for?

Қызылорда диқандарына су толық көлемде беріледі

01.08.2025

Қызылорда облысының шаруашылықтарына суармалы судың қажетті көлемі беріледі,деп хабарлайды 24kz.

Диқандар қосымша сатып алған жанар-жағармай шығыны да өтеледі. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Вице-премьер алқаптарға арнайы барып, жағдаймен танысты.

Қанат Бозымбаев алдымен Сырдария ауданына барды. Мұнда жергілікті шаруалар егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтау үшін арнайы техникалар сатып алған.

Вице-премьер техника мен қосымша жұмсалған жанар-жағармайдың шығыны мемлекет тарапынан өтелетінін айтты. Сондай-ақ Сырдарияның төменгі ағысына жіберілетін су көлемінің де ұлғаятынын жеткізді. Жақын күндері елімізге көрші елдерден қажетті су қоры келеді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бүгіннен бастап Өзбекстан тарапынан 200-ден астам куб судың көлемі келді. Ертеңнен бастап Қырғыстан тарапынан 150 куб жіберіледі. Бірақ ол Қазақстанға жету үшін 5 күн керек. Біз оған дейін суды сақтайтын боламыз. 10 тамызға дейін осындағы суды ұстап тұрамыз.

Аптап, құрғақшылық пен су тапшылығының салдары шаруаларды шығынға батырды. Бүгінде өңірде 1700 гектар алқап құрғап кеткен. Ал, қалған егістікті сақтап қалу үшін 53 жылжымалы сорғы станциясы сатып алынды. Оған 1 млрд теңге бөлінді.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазіргі танда облыста 324 насос қондырғылары жұмыс жасауда. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жылжымалы насос қондырғылары бөлініп, қазір облыста тиімді жұмыс жасап жатыр. Енді алдағы уақытта су үнемдеу технологияларын ұлғайту. Бұған қуанышты жағдай, тиісті мемлекеттік қолдаулар қаралатын болды.

Абзал Ералиев, аграрлық компанияның құрылтайшысы:

- Біз үшін диқандар үшін өте қуанышты хабар. Аймақ басшылығы, су шаруашылығы басшылығы тарапынан көп көмек көрсетілді. Жаңа айтып отырған мына Үкімет тарапынан қосымша кеткен шығындарды өздері толықтырамыз деп отыр. Осынын бәрі егіншілер үшін үлкен қолдау.

Айта кетейік, биыл аймақта 189 мың гектар алқап игерілді. Оның 80 мыңына күріш егілген. Ал, мамандар алдағы өнім қандай болатынын нақты болжай алмайды. Бірақ шаруалар шығынды емес, шығымды есептейміз деп үміттеніп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Алиев

Social Link

Follow Me On Social Media