Ұлыбританияның шығыс жағалауында, Кингстон-апон-Халл қаласынан шамамен 20 шақырым қашықтықта мұнай танкері мен улы химикаттарды тасымалдаған жүк кемесі соқтығысты, деп хабарлайды Egemen.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Хабарланғандай, қатты соқтығыстан кейін екі кеме де өртеніп, бір экипаж мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен.
Оқиға орнына тікұшақ, құтқару қайықтары және өрт сөндіру кемелері жіберілген. Апаттың салдарын жою жұмыстарын Ұлыбританияның жағалау күзеті үйлестіреді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, АҚШ туы астындағы Stena Immaculate танкері Грекиядан келіп, зәкірде тұрған кезде Португалия туын көтерген Solong жүк кемесі оған соғылған. Жүк кемесі Шотландияның Грейнджмут портынан шығып, Нидерландтың Роттердам қаласына бет алған.
Теңізге белгілі бір мөлшерде жанармай төгілгені анықталған, алайда жүк кемесіндегі улы химикаттардың суға түскені туралы мәлімет нақтыланбаған.
Апаттың себебі белгісіз, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында құтқару операциясы аяқталған.