Атырау облысында күннің күрт жылынып кетуіне байланысты еріген қар суы Индербор кентінің "Болашақ" ықшам ауданының тұрғындарын әбігерге салды, деп хабарлайды Ақжайық.
Тұрғындардың айтуынша, ақпанның аяғы мен наурыздың алғашқы күндері қар мол түсіп, ол тез еріп кетті.
"Аяқ басар жер қалмады, су айдынға айналды, үйлерге қауіп төнді. Баспанамызды аман алып қалу үшін жұртшылық жұмыла жұмыс жасады. Аудан басшылары да күн-түн демей осында жүрді бар техникасымен", — дейді тұрғындар.
Басылым мәліметінше, қар суын бұру, оны сору жұмыстарына су соруға арналған үш техника, сегіз мотопомпа пайдаланылды. Бұдан бөлек 20 жұмысшы еңбек етті.
"Мол су бұл өңірде жыл сайын болады. Табиғат бірден жылылық танытты ғой, бар күш осы ықшам ауданға жұмылдырылды. Бүгінде су сарқыла бастады, ахуал тыныш", — дейді кент әкімі Шалқар Алмурзиев.
Айта кету керек, өткен жылдан бері бұл ықшам ауданда жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр.