11 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir . Sayasat.» ұлттық сараптама алаңында «Саясатқа арналған ғылым» жүйесін қалыптастырудағы ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында отырыс өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара аясында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесуді аша отырып, ҚСЗИ директоры ғылым мен ғылыми-техникалық саясатты реформалау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан үш жыл бұрын бастау алған әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық кешенді реформаларының маңызды бағыттарының біріне айналғанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы елдің прогрессивті дамуын қамтамасыз ету үшін өзгерістерге тез бейімделіп, жаңа өсу нүктелерін үнемі іздестіру маңызды екенін атап өтті. Президент бұл стратегиялық міндетті жүзеге асыруда ғалымдар мен сарапшыларға ерекше міндет жүктеді. Бұл процеске Президент жанындағы жетекші екі аналитикалық және ғылыми орталық – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Ұлттық ғылым академиясы жетекшілік етуі керек. Біздің зерттеулеріміз мемлекеттік саясатты әзірлеуге, ұлттық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, экология және басқа да негізгі салалар мәселелерін шешуге негіз болуы керек», деді Еркін Тұқымов.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының басшылығына ғылымды мемлекеттік басқаруға интеграциялауға, стратегиялық шешімдерді әзірлеуге және елдің инновациялық дамуын қолдауға бағытталған жүйелік тәсілге негізделген тиімді синергетикалық өзара іс-қимылды құруды ұсынды.
Осы мақсатта жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстанның даму болжамдарын әзірлеу үшін ҚСЗИ мен ҚР ҰҒА жанынан Ғылыми сараптама кеңесін ұйымдастыру, мемлекеттік басқару үшін дәлелді саясаттың бірыңғай стандарттарын әзірлеу, мемлекеттік органдар мен саяси институттарға қолжетімді өзекті зерттеулердің нәтижелері енгізілген ғылыми-сараптамалық дерекқор құру, мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламаларға міндетті ғылыми сараптама жүргізу механизмін енгізу, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми мониторингтеу және жаһандық сын-қатерлерге жедел әрекет ету жүйесін әзірлеу ұсынылады. Бастамалардың бірі – халықаралық қатынастар саласындағы сарапшыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы базасында тілдік даярлықтан өткізу.
«Біз Қазақстан үшін аса маңызды елдер мен өңірлер – Қытай, Ресей, АҚШ, Орталық Азия бойынша маманданған елтану мектептерін дамыту қажеттілігін бірнеше рет атап өттік. Негізгі мәселе – зерттелетін елдердің тілін меңгерген мамандардың аздығы. Осыған байланысты елтану және өңіртану саласындағы мамандарды тілдік даярлау үшін ҚР Ұлттық ғылым академиясының ресурстары мен әлеуетіне үміт артамыз», деді Е. Тұқымов.
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық болжау, болжамды талдау және форсайттық зерттеулер мәселелеріне баса назар аударды.
«Бүгінгі таңда Ұлыбритания, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты әлемдегі жетекші елдер мемлекеттік стратегияларды әзірлеуде ғылыми негізделген болжау әдістерін белсенді қолданады. Британдық Horizon Scanning Programme Үкіметке ұзақ мерзімді қиындықтарды болжауға мүмкіндік береді, ал американдық сараптамалық орталықтар, соның ішінде RAND Corporation және National Science Foundation Big Data Analytics экономика, қауіпсіздік және инновация мәселелері бойынша сараптамалық ұсыныстарын беруде. Жапонияда NISTEP басқаруындағы форсайт жүйесі технологиялық трендтерді ондаған жылдарға алдын ала талдау жүргізеді, ал Оңтүстік Корея нақты уақыт режимінде саяси шешімдерді бақылау және бейімдеу үшін жасанды интеллектті енгізіп жатыр» деп атап өтті ҚР ҰҒА Басқарма Президенті.
Ақылбек Күрішбаевтың пікірінше, осындай тәжірибелерді Қазақстанға бейімдеу Үкіметті жаһандық сын-қатерлерге жедел назар аудару және ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу үшін ғылыми тетіктермен қамтамасыз ететін болжаудың зияткерлік жүйесін құруға мүмкіндік береді. «Саясатқа арналған ғылым» жүйесін қалыптастыру бастамасы аясында Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты үздік әлемдік тәжірибелер мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, аналитикалық экожүйе құрылып, ол деректерді талдау мен стратегиялық болжаудың озық әдістеріне негізделген елдің орнықты дамуы жолындағы маңызды қадам болмақ.
«КИСИ GPS» отырысына сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА-ның бас ғылыми хатшысы Исмаил Тоқбергенов қатысты. Ол ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен ҚР ҰҒА арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары туралы өз көзқарасын білдірді.
Атап айтқанда, Исмаил Тоқбергенов жаһандық белгісіздік жағдайында және технологиялық, экономикалық, әлеуметтік процестердің қарқынды өзгеруі кезеңінде Қазақстанға тереңдетілген жағдайлық талдау жүргізетін, саяси, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді болжайтын, болашақ сценарийлерін форсайттық модельдеуді іске асыратын, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауды жедел қолдауға бағытталған интеллектуалды жүйелерді енгізу қажеттігін атап өтті.
«Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп интеллектуалды жүйе құру кешенді ғылыми тәсілге негізделген аналитиканы қамтамасыз етеді, ол машиналық оқыту, үлкен деректерді өңдеу және сараптамалық модельдеудің озық әдістеріне сүйенеді. Осыған байланысты біз жағдайлық-предиктивтік аналитика мен форсайттық зерттеулер жүйесін құруда күш-жігерімізді біріктіруді ұсынамыз», деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА өкілі.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова өз кезегінде ғылыми зерттеулердің сапасын арттырудың басты шарты – автономды және тәуелсіз ғылыми қауымдастық қалыптастыру екенін атап өтті.
«ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен ҚР ҰҒА арасындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттарының бірі – Қазақстанның жаңғыруы және ұлттық бірегейлік сияқты ірі қолданбалы тақырыптарды зерттеу», деген ұсыныс білдірді ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері.
ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Жер, ғарыш және коммуникациялар ғылымдары орталығының жетекшісі Елена Шевченко Ғылым академиясы жүргізіп жатқан форсайттық зерттеу жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл жұмыс ғылымның орта және ұзақ мерзімді кезеңдегі міндеттерін айқындауға бағытталған. Сондай-ақ, ол басым пәнаралық зерттеу бағыттарын анықтауға, ғылыми зерттеулердің тақырыптарын бизнес қажеттіліктері мен өңірлік сұраныстарға сәйкестендіруге, халықаралық ынтымақтастық бағыттарын белгілеуге және білім беру бағдарламаларын өзектендіруге мүмкіндік береді.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев жетекші ғылыми-талдау ұйымдары арасындағы меморандумға қол қойылуын құптап, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен ҚР ҰҒА бірлесіп құратын аналитикалық экожүйе ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіріп, оның шешім қабылдау процесіне ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұл тәсіл дәлелді саясат (Evidence-Based Policy) пен болжау әдістерін мемлекеттік саясат деңгейіне дейін ілгерілетіп, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға жол ашады», деп атап өтті белгілі сарапшы.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Садуақасова өз кезегінде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттарды дамыту – адами капиталды, соның ішінде ғылым саласындағы әлеуетті арттырудың негізгі шарттарының бірі.
Назарбаев Университеті Мемлекеттік саясат жоғары мектебі деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Дина Шәріпова да ғалымдар мен сарапшыларды мемлекеттік стратегиялар мен салалық саясаттарды әзірлеуге тарту қажеттігіне назар аударды. Ол мұны сараптамалық кеңестер мен басқа да консультативтік құрылымдар аясында жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Басқармасының кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесін үйлестіруші Мақсат Жабағин бірлескен Жазғы аналитика мектебін өткізу туралы бастама көтерді, бастаманы КИСИ басшылығы қызу қолдады.
Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы КИСИ мен ҚР Президенті жанындағы ҰҒА арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ғылыми болжамдау және аналитика саласында екі ұйымның күш-жігерін біріктіруге деген ниетін бекітті.