What are you looking for?

Әкімдіктер мен депутаттардың жауапкершілігі күшейтіледі

12.03.2025

«AMANAT» партиясында Қазақстанның 20 өңіріндегі әкімдіктердің 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау барысы талқыланды. Есеп беру кездесулерінде өңірлердегі жетістіктер мен шешілмеген мәселелер, сондай-ақ әкімдер мен мәслихат депутаттарының жеке жауапкершілігі көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен кездесулер барысында өңірлердегі әкімдердің орынбасарлары жұмыс орындарын құру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жетістіктерге тоқталды. «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев атап өткендей, қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі, жосықсыз мердігерлер, сондай-ақ ұзаққа созылған сот процестері көптеген өңірлер үшін ортақ мәселе болып отыр.

«Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру қарқынын төмендетіп алмау қажет. Азаматтарға уәде етілген әрбір жобаны толық аяқтау үшін барлық кедергіні жойып, ресурстарды жұмылдыру керек. Бұл мәселе жіті назарға алынады. Жергілікті жерлерде сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жұмысына әкімдіктер мен мәслихат депутаттары дербес жауапкершілік арқалайды», деді ол.

Өңірлік сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асырудағы ауқымды жетістіктерді де атап өту қажет. Мәселен, былтыр Астана қаласында 42 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 16 мектеп іске қосылған.

Сонымен қатар Есіл өзені арқылы автожол көпірі салынып, 130-дан астам спорт алаңы жабдықталған. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласында 45 жоба, 28 ірі өнеркәсіптік жоба іске асырылды, 1100 шақырымнан астам автожол жөнделді. Павлодар облысында шаруаларға қолдау көрсету мақсатында 1627 техника сатып алынды, 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Қарағанды облысында 540,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (шамамен 3900 пәтер), 183,7 шақырым су құбыры желілері тартылды және қайта жаңартылды. Шығыс Қазақстан облысында жол құрылысы саласында жетістіктер байқалады, пайдаланылмай жатқан 109,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 1,6 мың кәсіпкерлік субъектісі қаржылық қолдау шараларымен қамтылды. Ал Түркістан облысында 19 инвестициялық жоба іске асырылды, 17 ауылда суды тазарту блок-модульдері орнатылды, 54 елді мекенге газ тартылды, «Түркістан – Самарқанд» авиарейсі ұйымдастырылды.

«Жуық арада шешуді талап ететін проблемалық мәселелер де бар. Астанада нөсер кәрізін салу жұмысын аяқтау және жекелеген әлеуметтік құрылыстардағы проблемалар мәселесі өткір тұр. Қостанай облысында көптеген нысан су тасқыны салдарынан кейін шұғыл қайта жаңғыртуды қажет етеді. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың жұмысына қатысты мәселелер әлі толық шешімін тапқан жоқ. Павлодар облысында медициналық мекемелерді жөндеу жұмысына қатысты айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар ауылды сумен жабдықтау мәселесі қиындық тудырып отыр. Қарағанды облысында өндірістік жарақаттар саны артып келеді. Оны азайту үшін кәсіпорындарда бақылау жүргізу жұмысын күшейту қажет. Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірнеше маңызды жобаны аяқтау мерзімі шегеріліп жатыр», деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Жиын барысында қатысушылар кейбір жобаны қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі, жосықсыз мердігерлер мәселесі, жобалау-сметалық құжаттаманың созылуы, сот талқылаулары және бюрократиялық кедергілер сынды мәселелерді атап өтті. Кейбір ауданда тұрғындарды сапалы ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілмей тұр. Мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмаған.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәслихаттардағы «AMANAT» партиясының депутаттарына өңірлік сайлауалды бағдарламалардың нақты тармақтары бекітілгенін еске салды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының мүшелері екенін «ұмытып кеткен» мәслихат депутаттары мандаттарынан айырылуы мүмкін.

«Бізде сайлауалды бағдарламаны орындауға қажет барлық құрал бар. Мәслихаттағы депутаттарымыз қаржыландыру мәселесіне әсер ете алады: сайлаушылар ауылға балабақша салу қажет десе, демек, оны салу керек. Нысан құрылысының аяқталу мерзімін шегеруге болмайды. Адамдар нақты уәделерімізге сеніп, бізге дауыс берді. Біз сайлаушыларға берген уәдемізді су тасқынына да, инфляцияға да қарамастан орындауымыз керек. Ол біздің міндеттіміз. Егер партиямыздың мүшесі екенін «естен шығарып алған» депутаттар болса, ондай азаматтармен қатар жүре алмаймыз», деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлердегі әкімдіктер үшін нақты ұсыныстар қабылданды: мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау жүргізу жұмысын күшейту, белсенді түрде инвестиция тарту және проблемалық нысандар құрылысын уақтылы аяқтау үшін қажет болған жағдайда бюджетке өзгерістер енгізу. Сайлауалды бағдарламаның нақты тармақтарына жауапты мәслихат депутаттары уәделер орындалмаған жағдайда толық жауап беруге тиіс екеніне ерекше назар аударылды.

Жуырда «AMANAT» партиясының өңірлік филиалдарында мәслихаттардағы фракциялардың қосымша отырыстары өтеді. Онда сайлауалды бағдарламаның әрбір проблемалық тармағы бойынша есептер тыңдалып, жедел шара қабылдау мәселесіне назарға алынады.

Social Link

Follow Me On Social Media