Олжас Бектенов су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта ТЖМ құрамында 37 мыңнан астам адам, 13 мың бірлік техника, 4 мыңнан астам су айдау қондырғысы және 640 бірлік жүзу құралы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарын топтастыру орындары белгіленді. ТЖМ әуе кемелері – тәулік бойы кезекшілікте. Сонымен қатар жалпы саны 1 мыңға жуық қызметкер, 120 бірлік түрлі мақсаттағы техника, 123 су айдау және 39 бірлік жүзу құралы бар ТЖМ күштері мен құралдарының резерві дайындалды.
«Мемлекет басшысы су тасқынының алдын алу шараларына басымдық беруді тапсырды. Үкімет су тасқынының алдын алу және кері әсерін жоюға бағытталған ұйымдастырушылық-профилактикалық, инженерлік-техникалық және жедел шаралар қабылдауда. Дегенмен, аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс», — деп атап өткен Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу міндеті қойылды. Жағдай күрделене түссе, қосымша күштер мен құралдарды енгізу бойынша шаралар қабылдау, олардың әрекеттерінің ықтимал нұсқаларын анықтау қажет. Атырау облысының әкімдігіне Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елді мекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жауапты органдармен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!