Бүгінде тілді заман тынысына сай дамытудың бір ұшы ана тіліміздің ғаламтордағы айдынын кеңейтуге байланады. Тұрмысымызбен тұтасып кеткен интернетте қазақ тілінің көсегесін көгерту — оны ғылым тіліне айналдыру салмағымен шамалас. Онлайн оқу оң бағыт алған тұста ондағы ақпараттың анық, мазмұнды әрі сауатты болуы қолданушы тілін тазартпай тұрмайды. Ана тіліміздің заманауи қолданысқа сай мәртебесін көтеруді көздесек интернеттегі қазақ тілінің тегеурінін күшейту туралы айтудың өзі артық. Ал интернеттен ақпарат іздесек, алдымен, алдымызға Wikipedia сайтының дерегі ұсынылады. Уикипедия – әлем тілдерінің ғаламтордағы төлқұжаты. Осы кеңістіктегі қазақ тілінің үлесін тек тіл мамандары ғана емес қарапайым қолданушылар да толтыруға қауқарлы, деп жазады Egemen.kz.
14 жасынан бастап Уикипедияда қазақ тілінде 2500-ден астам мақала жариялап, 5000-ға жуық материалды өңдеген Ербол Сариев бұл сайттың қазақша ақпаратты топтастырып, тез табудағы үлесі орасан екенін айтады.
«Қазір бірнеше сағаттап кітапханаларда ақпарат іздеу ұтымды шешім емес. Ақпараттың баршаға тез әрі қолайлы жолмен ғаламтордан табылғаны маңызды. Ал Уикипедияға жазу деректі баршаға қолжетімді ететініне сенімдімін. Бұл сөзімді Уикипедия сайтының әлемдегі ең көп қолданушысы бар сайттардың қатарында әрдайым алғашқы ондыққа кіретіні де дәлелдейді», деген Назарбаев Университетінде «Жоғары саясат» мамандығының студенті бүгінге дейін сан тақырыпта қалам тербеген.
«Уикипедияда мен үшін ең қызық бағыт – Кеңес Одағындағы ғалымдар туралы жазу болды. Сондықтан осы тақырыпта көбірек іздендім. Жалпы, кейінгі 10 жылда Қазақ Уикипедияға енгізген 2500 мақаламның 700-800-і Кеңес Одағындағы ғалымдарға арналған. Кеңес Одағы ғалымдары туралы біршама толық ақпарат жазғаным үшін Уикипедия авторларына берілетін «Алтын қалам» марапатын жеңіп алдым. Сонымен қатар, 2015 жылы бір жыл ішінде көп үлес қосқаным үшін «Белсенді жаңа қатысушы» марапатына ие болдым. Сондай-ақ, мән-маңызы жоғары әрі сапаға тікелей әсер ететін өңдемелерім үшін «Шағын өңдемелері үшін» марапатын иелендім», деді Ербол Сариев.
Уикипедия – ерікті авторлардың ашық алаңы
Уикипедия – жалпыға ашық онлайн энциклопедия. Авторларға да айтарлықтай талап-тілек қойылмайды. Мұндағы басты ұстаным – тексерілген жан-жақты ақпарат ұсынумен ұштасады. Кейіпкеріміз Ербол «плагиат» ұғымы жазуға кедергі емес екенініне де назарымызды аударды.
«Уикипедияда плагиат түсінігі жоқ, керісінше, дереккөздерден алынған ақпаратты барынша толық әрі дәл енгізу маңызды. Мысалы, егер сіз энциклопедиялық кітап тауып, оның ішіндегі мақала Уикипедияда жоқ екенін байқасаңыз, оны сөзбе-сөз көшіріп, дереккөз ретінде кітапты көрсете аласыз. Егер сіз мақаланы өңдеп, өз сөзіңізбен жазсаңыз, қате ақпарат беру ықтималдығы артуы мүмкін. Алайда сенімсіз интернет дереккөздерінен ақпаратты көшіріп алу дұрыс емес. Бұл, әрине, автордың жұмысын жеңілдетеді, бірақ Уикипедиядағы сенімсіз мақалалар санын көбейтеді. Меніңше, Уикипедиядағы мақалалардың басым бөлігі сенімді дереккөздерге негізделген. Мақаланы іздеуші оның дереккөздерін тексеру арқылы ақпараттың шынайылығына көз жеткізе алады. Әрине, мақалалар сол саладағы сарапшылар тарапынан тексерілмегендіктен, олардың толықтай дұрыс екеніне 100 пайыз кепілдік бере алмаймыз. Бірақ қатысушылар бірігіп, мақалаларды жетілдіре алады», дейді ол.
Тіліміздің түлеп, ғаламторда кең қанат жаюы үшін Ербол секілді еріктілер бұл қызметін бұлдамайды. Авторлар үшін басты марапат — интернетте қазақ тіліндегі ақпараттардың артуы. Кейіпкеріміздің миссиясы тіліміздің атырабы ұлғайып, сан тақырыптағы материалды аударма арқылы емес тікелей тұтыну үшін тер тегу.
Қазақша контент қайтсе көбейеді?
Осы сауалымызды Ербол Сариевтің өзіне қойдық. Оның айтуынша Уикипедидағы қазақ тіліндегі материалдарды көбейту – көптің қолында.
«Ең бастысы – мақаланы жазып, өңдейтін қатысушылар санының артуы. Бұл Уикипедияның негізгі мақсаты болуы керек. Мысалы, басқа тілдердегі Уикипедияларда күн сайын жүздеген адам бірге жұмыс істеп, мазмұнның сапасын жақсартады. Олар жаңа мақалаларды тексеріп, қажет жерлерін өңдеп, баршаға қолжетімді етеді. Сондықтан ол жақтағы мақалалардың саны да, сапасы да жоғары. Ал қазақ тілінде белсенді қатысушылар саны, өкінішке орай, аз. Егер осы олқылықтарды реттей алсақ, Уикипедияның сапасы артып, ондағы мақалалар саны әлдеқайда көбейер еді», дейді кейіпкеріміз.
Ал ғаламтордағы қазақша контентті көбейтуге ынталылар қазақ Уикипедиясының қолданушыларына арналған ұйым қызметіне жүгіне алады. Бұл ұйым онлайн жұмыс істегенмен, жылына 1-2 рет жүзбе-жүз кездесулер ұйымдастырып тұрады.
«Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттер арасында Уикидерек конференциялары және жыл сайын халықаралық Уикимания конференциялары ұйымдастырылады. Бұл конференцияларға да қатысушылар толық грант жеңіп ала алады. Қазақша Уикипедияда мақалалардың сапасын тексеріп, ескертулер жасайтын администраторлар бар. Егер көмек қажет болса, Уикипедиядағы арнайы талқылау бетінде оларға хабарлама қалдыруға болады. Сонымен қатар, мен сияқты бірнеше жыл бойы мақала жазып келе жатқан тәжірибелі авторлардан да кеңес сұрауға болады», деп Ербол Сариев білгенімен бөлісті.
Қазақша Уикипедия 2002 жылы ашылса да, әлі күнге дейін мақала жазу мен енгізу бойынша нақты сабақтар немесе нұсқаулық кітапшалар жоқ. Уикипедия авторы отандасымыз осы олқылықтың орнын толтырып, «Уикипедия әлемі: Жаңадан бастаушыларға арналған гайд» атты нұсқаулық жазып, еңбегін «Ұлттық Зияткерлік Меншік Институты» арқылы патенттеген. Ербол мұнымен шектелмей, ел мектептерінде Уикипедияда мақала жазу бойынша шеберлік дәрістерін өткізіп жүр.
Осындай кішкентай қадамдар арқылы қазақ тілі интернет тіліне айналса игі.