Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар деп жариялағаны белгілі. Ал өндірісте тек ер-азаматтар ғана жүрген жоқ. Атпалдай жігіттермен иық тірестіріп жүрген қыз-келіншектеріміз көп. Астанадағы құрылыс бұйымдары зауытында бетон қабырғаның арасына салынатын темір шабақты әйелдер тоқиды.
Дәнекерлеуші Құндызай Әуезова – дәнекерлеу ісін жетік меңгерген маман. 20 жылдан астам осы кәсіпті жанына серік етіп келеді. Күндіз-түні бір тынбай, құрылыс бұйымдарын өндіретін зауытта ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Міндеті – бетон арасына салатын темір шабақты тоқу.
Құндызай Әуезова, дәнекерлеуші:
- Жұмыс әйел адамға ауыр да емес, жеңіл де емес. Дегенмен қалай жұмыс істеуі адамның өзіне байланысты. Жұмысым өзіме ұнайды. Жас кезімнен ауыр жұмыс істеп үйренгенмін. Ауылда өстім, сол кездерден бастап жұмыстың барлық түрін көргенмін.
Өндірісте жауапты жұмыстың басы-қасында жүрген Құндызай – 4 баланың анасы. Ауысымы аяқтала салысымен үйіне асығады. Ал таңертең зауытқа келіп, станогының жанына жеткенше тағаты қалмайды. «Мамандық таңдауда жолым болды», — дейді өзі.
Құндызай Әуезова, дәнекерлеуші:
- Басқа жұмысты істер едім деп айта алмаймын. Өйткені оған шыдамым жетпейді. Физикалық жұмысқа үйреніп қалғанмын. Бастапқыда қиын болды. Өйткені бұл жерде қаншама өндіріс бар. Оған үйренісу қиын болды.
Шабақ тоқу цехында 70-тен астам станок операторы ауысыммен жұмыс істейді. Әр жұмысшы бір ауысымда 400 бұйым жасап шығаруы керек. Цех бастығы Заңғар Шәкерияның айтуынша, әйелдер қауымының жауапкершілігі жоғары.
Заңғар Шәкерия, цех бастығы:
- Ең бірінші бір нүктелі «станог» негізі әйел адамдарға арналған. Ер адамдарға қарағанда олар сенімідірек жұмыс істейді және тұрақтылық бар. Сондықтан біз осы «станкокка» әйел адамдарды аламыз. Мысалы ер адамдар тойға барады, ертеңіне бастары ауырып жүреді. Жұмыста көңіл күйлері болмайды. Ал әйел адамдарда көп жағдайда ондай мәселе жоқ.
Зауыттағы арулардың иығындағы жүк ауыр. Әрбір үйдің қабырғасын құйғанда салынатын шабақты мінсіз тоқымаса, зәулім ғимарат қирап қалуы ғажап емес және бұл міндетті олар абыроймен атқарып келеді.