«Әлемнің әміршісі – еңбек» деген қанатты қағида бар. Бала кезінде өзі өскен Майдакөлдің тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын. Жыл он екі ай жұмысы таусылмайтын ауылда бос жүрген жанды кездестіре қою қиын еді. Шаруаға мығым әкесі жұмысқа кетіп бара жатып бұларға шамасы келетін тірлікті бөліп береді. Ондайда төртінші сыныпқа енді ілінген әпкесі екеуіне тиетіні – малға шөп дайындау. Кейде бала кезі еске түскенде Балғазы Томайдың көз алдына осындай үзік-үзік суреттер келеді.
Ол мектеп бітірген 1978 жыл мал шаруашылығын дамытуға комсомол жастарды жұмылдыру бастамасының дүрілдеп тұрған кезі. Осы үгіттің үлгісімен бір сыныпты бітірген 28 баланың арасынан 16 бойжеткен мен 4 бозбала ауылда қалып, еңбек етті. Үш жылдан кейін Алматы есеп-кредит техникумына түсіп, маман ретінде елге келген жас аудандық жинақ банктің бақылаушысы қызметіне кірісті. Он бес жылға созылған қызметі 90-жылдар басында туған ауылындағы есепшілікке жалғасты. Шаруашылықтар тарап, жекешелену талабы алға шыққанда кеңшар төртке бөлініп, Балғазы соның бірінде егіс бригадирі атанды.
Жалпы, шаруашылықтарды табанасты жекешелендіре салу оңайға соққан жоқ. Енді еркіндік алған елде алды-артын ойламай асығыс қабылданған шешімдердің бірі осы болды. Шалағайлықтың зардабы бөлінген сәттен-ақ байқалып еді. Бұрын мініп жүрген техникасының май-суынан бастап қосалқы бөлшегіне дейін ұжымшар-кеңшар тауып беретін шаруалар жерге қарады да қалды. Алғашқыда «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп бір шаруашылықтың тізгіні қолына тигенге желпініп жүргендердің желігі техникаға май, қосалқы бөлшек, жұртқа беретін айлық іздеп сасқанда сап басылды. Жерге себер тұқым, су мен салық төлемі жан-жақтан қысқанда осындай кепті бұлардың шаруашылығы да бастан кешті. Ауыл ақсақалдары шаруашылық басындағы жігіттерді жанына ертіп, кәсіпкерлікті ерте бастаған жігіттерден көмек сұрауға шыққаны да осы кез еді. Ауданға белгілі «Рза» АҚ президенті Самұрат Имандосов жәрдем сұрап келген жерлестерін жерге қаратқан жоқ. Мұратбаев, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарындағы шаруашылықтарға демеуші болып, тығырықтан алып шықты. Осылайша, «Рза-Агро» ЖШС негізі қаланды. Балғазы Томай содан бастап бүгінге дейін осы серіктестікте бөлімше бригадирі қызметін атқарып келеді.
«Алғашқыда жерасты байлығына көбірек иек артып кеттік те, ауыл шаруашылығы ескерусіз қалғандай болды. Тіпті 90-жылдары көп шаруаның қолы қысқа болып, егін еге алмай қалған тұста тартылған теңіз қолтығында қалған біздің ауылда алқаптың бәрі ақ сорға айналып, барқын мен жыңғыл басып кетті. Осы күні «күрішті азайту керек» деп жүргендер сол жағдайды көзбен көрсе, мұндай сөзді айтпас еді. Өңірдің берекесіне айналған күріш өндірісін ғылыми негізде дамыту керек. Шүкір, қазір мемлекет аяғына тұрып, біздің салаға да қолдау танытып жатыр», дейді ол.
Сыр бойында Қасымтай Ізтілеуов, Жадыра Таспамбетова секілді талай жасқа үлгі болған мықтылар өткен. Өз заманында Социалистік Еңбек Ері атанған осы екеудің алғашқысы қос аяғын трактор мылжалап өтсе де, көп ұзамай техника руліне қайта отырған қайсар еді. Он жеті жасында трактор тізгіндеген Жадыра Таспамбетованың оқыс жағдайға ұшырап, бір аяғын тізеден төмен кестірсе де, бұрынғы жұмысына қайта оралғаны сол заман жастарын дүр сілкіндірген болатын. «Еңбек – бар тәрбиенің бастауы» деп білген буынды жеке адамдар тағдырындағы осындай оқиғалар жетістікке жетелейтін. Сөйтіп, есейгендерге қазіргі жастардың бел ауыртып, бейнет кешпей пайдаға бата қалғысы келіп тұратын қылығы түсініксіз, әрине.
Шаруашылықтың қыр-сырын жетік білген азамат зейнетке шықса да, ортақ жұмыстың басында жүріп, көп жылғы тәжірибесін ел қажетіне жаратып келеді. Жары Асыл екеуі 5 баладан немере сүйіп, елге сыйлы әулет атанып отыр. Елге жасаған жартығасырлық еңбегі елеусіз қалған емес. Әр жылдары түрлі марапатқа ие болды. Былтырғы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
«Осы күні шаруашылыққа жұмысшы табу қиындап барады. Біз ғана емес, құрылысшылар қатарынан да кейінгі толқын өкілдерін көп бере бермейміз, Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жас жігіттер аз емес. Бірақ солардың көпшілігі жұмысқа оншалықты құлық танытпайды. Кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгерген маманның орны қашанда ерекше екенін ұмытпауымыз керек. Жастарға кәсіби бағдар беріп, оларды қолынан келетін іске бейімдеген жөн. Бұл бағытта Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау бастамасы адал еңбекті қадірлеуге, қарапайым жұмысшы мәртебесін арттыратын құндылық қалыптастырып, еңбек адамына деген көзқарасымызды өзгертуге сеп болмақ. Мысалы, педагогтерге қолдау көрсетіліп, олардың мәртебесі көтерілгеннен кейін мұғалім болғысы келетін жастар көбейді. Қазір жақсы еңбек жағдайын жасап, жұмысшы жастарды жан-жақты насихаттасақ, қоғам алдында олардың беделі арта түсер еді. Жастардың бойына елдің еңсесін еңбек қана көтеретінін сіңіруіміз керек», дейді Б.Томай.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы