Танымал продюсер Баян Мақсатқызы журналист Дана Нұржігітке сұхбаты барысында сәлем салу мәселесіне тоқталды әрі өзгелерге өзін үлгі тұтпауды сұрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Өнер иесі журналист Дана Нұржігітпен сұхбатында қоғамда қызу талқыға түскен сәлем салу дәстүріне қатысты пікір білдірді.
"Сәлем салу менің ДНҚ-ымда жоқ нәрсе. Біздің Оралда сәлем берген емес. Мен ондайды көрмедім. Қандай проблема екенін түсінбей тұрмын. Мен шындықты айттым. Орал қаласында ешқашан сәлем беру болған емес. Бәлкім атам немесе әкем маған оны үйретпеген шығар. Бірақ бұл мәселеде ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Неге сәлем салу керекпіз? Үлкен адамды сәлем салмай-ақ құрметтеуге болады ғой. "Сәлем бердік, халыңыз қалай, бәрі дұрыс па?" деп сұраймын. Көп адамды құрметтеймін. Жасын да, кәрісін де құрметтеймін. Мен жақсы тәрбие алып өскен адаммын", – деді Баян Алагөзова.
Алагөзова сондай-ақ өзін ешкімге үлгі еткісі келмейтінін жасырмады. Айтылған пікірлер тек адамның жеке көзқарасы екенін атап өтті.
"Мен мұны мың рет айттым. Мың рет тағы да айта аламын. Ешқандай жағдайда мені үлгі тұтпаңыздар. Маған бұл керек емес. Мен тек өз өмірімді сүріп жүрмін. Ешкімді мені оқуға, маған жазылуға мәжбүрлеген емеспін. Өмір сүруді үйреткен жоқпын. Ешкімге "мен сияқты болыңдар" деп айтқан емеспін. Бірақ адамдарға менің өмірім қызық. Тіпті өзіме де өз өмірім қызық", – деді актриса.