Наурызнама онкүндігі аясында өңірде «Өмірге алғашқы қадам» атты тұсаукесу рәсімі өтті. Игілікті іс-шарада 336 баланың тұсауы кесілді. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Танымал азаматтар кішкентай балдырғандардың қадамына құт тілеп, алажіпті кесті. Осылайша, саланатты жиын еліміздің рекордтар кітабына енді.
Облыс орталығында әуелі 80-нен астам бала алғаш қаз басса, қалған балалардың сол уақытта аудан-аудандарда тұсауы кесілді. Өзге елді мекендердегі рәсімді қала халқы онлайн түрде тамашалады. Мерекелік жиын Қыдыр ата кейпіндегі қарияның көпке бата беруімен басталды. Осы күні Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Ескелді, Алакөл, Сарқан аудандарында 30 баладан, Ақсу ауданы мен Текелі қаласында 20 баладан – жалпы саны 336 баланың қуанышына ел куә болды. Тұсаукесу рәсімін балалардың жолы ашық, қадамы нық, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен көпке сыйлы ардагерлер, өнер қайраткерлері, қаламгерлер, журналистер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері, т.б. атқарды.
«Елімізде үш жүзден астам баланың тұсауын бір мезгілде кесу алғаш рет Жетісу облысында өткізіліп отыр. Сондықтан бұл факт Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді», деген рекордтарды тіркеу комиссиясының мүшесі Бақытжан Тастүлеков ұйымдастырушыларға арнайы сертификат ұсынды.
Көпбалалы ана, үшемдерді өмірге әкелген Сенбай Тұрсынбек те осы мерекеде сәбилерінің тұсауын кескізуге арнайы алып келді. Алғашқы қадамын жасаған балдырғандардың тұсауын білім беру саласының үздігі, 40 жылға жуық тәжірибесі бар инженер-педагог Әсет Жұмаділов кесті.
«Отбасында алты баламыз бар, тұңғышымыз Дарын 13 жаста, ол да бүгін менімен бірге келді. Күйеуім аспаз болып жұмыс істейді. Бүгін осы мереке күні үш кішкентайым – Дархан, Диана, Дарияның тұсауын кескіздім. Бұл рәсімнің дәл Наурыз күндерінде атқарылғанын жақсы ырымға балап отырмын. Балаларымның алдағы болашақ жолы үшін жақсы бір белгі деп санаймын», деді ол.
Осы күні Наурызбаевтар отбасы да қуанышқа кенеліп, 22 наурызда бір жасқа толатын кішкентай Инаяттың тұсауы кесілді:
«Тұңғыш баламыздың осындай салтанатты жағдайда алғашқы қадамын жасағанына қатты қуанып тұрмыз. Жастардың ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, оны ұстануға белсенді қатысқанын қоштаймын», дейді Инаяттың анасы Диана Әлімбек.
Ал бұл күні Қаратал ауданында тұсауы кесілген 30 балаға байғазы ретінде қозы берілді. Қуаныш әсерімен бөліскен көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Лида Жанбота:
«Біздің отбасымыз үшін бүгін қуаныш, қызымыз алғашқы қадамын жасады. Наурыз мерекесімен, Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген жақсылыққа әулетіміз ерекше қуанып отыр. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Бүгін қызыма сыйға тартылған кішкентай қозысы енді өзімен бірге шапқылап ойнап өсетін болды», деп ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.
Жетісу облысы