Қазақстан Кюрасаомен жолдастық кездесу өткізеді.
Кюрасао құрамасы ФИФА рейтингінде 91-орында тұр. Оларға әйгілі нидерландтық маман Дик Адвокат жетекшілік етеді. Екі тараптың келісімі бойынша матч жабық түрде өтеді. Мәтіндік және бейнекөрсетілім, негізгі құрам және бейнематериал болмайды, Ойын аяқталғаннан кейін фоторепортаж, матч нәтижесі мен гол авторлары хабарланады. Сондай-ақ ұлттық құраманың ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов қосымша медициналық қаралымнан өтіп, алдағы екі кездесуге қатыса алмайтыны белгілі болды. 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы J тобында сынға түседі. Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн. Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады. Алдымен құрама жігіттері 22 наурызда сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.
Наурызбек Жагоров, Ұлттық құраманың ойыншысы:
EURO-2025: Бұрымдыларымыз эстониямен тең түсті
Бұрымдыларымыз Эстониямен тең түсті. Футболдан 17 жасқа дейінгі қыздар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынында Эстониямен шеберлік байқасты. Қездесу барысында эстониялық Грете Гросс 8-минутта есеп ашты. Оған жерлестеріміз 2 голмен жауап қайырды. Дәлірек айтсақ Данагүл Ахметжан мен Ару Ермағамбетова бір бір голдан соғып, өз құрамасын алға шығарды. Ал 52-минутта эстониялық Елизавета Юзанинова соққан гол қорытынды есепті белгіледі. Осылайша қос құрам 2:2 есебімен тең тарқасты. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 20 наурызда Солтүстік Ирландияға қарсы өткізсе, одан кейіін 23 наурызда Черногориямен кездеседі.
Елдос Сметов биыл бірнеше турнирге қатысуы мүмкін
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов дзюдодағы мансабын қазір аяқтамайды. Англиядан оралған соң ол жаттығуын күшейтіп, жарыстарға қатысады. Бұл туралы балуанның жеке бапкері Ғалым Жылгелдиев Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді. Қазіргі таңда Елдос Англияда тіл курсында оқып жатқаны белгілі. Мамыр айында ол елге оралады. Елдос елге оралған соң, жаттығуды күшейтеді. Содан кейін қандай жарысқа қатысатынымызды да бағамдай жатармыз. Елдос қазір тарихты жаңартсам, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында күрессем деп жүр. Енді әрі қарай дайындаламыз деді, бас бапкер. Айта кетейік Париж Олимпиадасынан кейін даңқты дзюдошы ешқандай жарысқа қатысқан жоқ.
Дәстүрлі садақ атудан Азия кубогі аяқталды
Шымкентте Жақсығұл мерген атындағы дәстүрлі садақ атудан Азия кубогі аяқталды. Байрақты бәсекеге 11 елден 128 спортшы қатысты. 4 күнге созылған жарыста садақ ату шеберлері пута және жамбы нысанасы бойынша кім мықтыны анықтады. Пута нысанасы бойынша ерлер арасында Азамат Нұртаев қарсылас шақ келтірмеді. Ал, бұрымдылар арасында Әсемгүл Ғалымжанованың бәсі жоғары болды. Жамбы нысанасында Ербол Тапенов пен қырғыз қызы Шолпанай Өмірқұлова топ жарды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстандық ұл-қыздар 3 алтын, 4 күміс, 7 қоламен көш бастады. Қырғызстан бір алтынмен екінші орынға жайғасса, 1 қоласы бар Түркия үздік үштікті түйіндеді.
Дмитрий Попко Мексикадағы турнирді сәтті бастады
Дмитрий Попко Мексикадағы турнирді сәтті бастады. Жерлесіміз алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 254-орында тұрған эквадорлық Андрес Андрадеден басым түсті. Есеп 6:3, 6:4. Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Попко 4 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Андраде 2 эйс, 1 брейкпен шектелді. Енді Дмитрий ширек финалға шығу үшін әлемнің 302-ракеткасы, боливиялық Хуан Карлос Прадо Анхеломен кездеседі. Мерида додасының жүлде қоры 100 мың АҚШ долларына бағаланған. Жарыс жеңімпазы 14 мың доллар табыс тауып, 75 рейтингілік ұпайға ие болады. Ал Қазақстанның екінші, әлемнің 98-ракеткасы Александр Шевченко Майами мастерс турнирінде іріктеу сайысының финалында рейтингіде аргентиналық Тьяго Агустин Тирантеге жол берді. Сөйтіп, ол негізгі жарыстан тыс қалды.