What are you looking for?

Реформалар жасалып бітті деп толыққанды айта алмаймыз - депутат

19.03.2025

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи еліміздегі саяси реформалардың атқарылу барысы туралы пікірін ортаға салды , деп жазады Egemen.kz.

Депутат Қазақстандағы реформалар баяу болса да қадау-қадау атқарылып жатқанын айтты. Ол бұл қатарда Президент бастамасымен 20 жылдан кейін қалпына келтірілген бір мандатты можаритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігін атап өтті.

«Бұдан үш жыл бұрын елімізді шарпып өткен қайғылы Қаңтардан кейін нақты және батыл қолға алынған өзгерістер дәуірінің қайнар көзі – сайлау жүйесінен басталды. Саяси биліктің бұл шешімін кімдер әсіре асқақтатып, ал сындарлы қоғамда енді біреулер қандай қыжылмен айтса да, тәуелсіз кандидаттарға мүмкіндік жолын ашқан осы – бір мандатты сайлау жүйесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бастамасы мұрындық болғаны Қазақстанның жаңа тарихында жазылып қалатын ақиқат болмақ», деді Ермұрат Бапи.

Мәжілісмен билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, «Жаңа Қазақстан» идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес екеніне тоқталып, елдегі өзгерістердің үш жылдық кезеңін саралағанда «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте тілге оралатынына назар аударды.

«Бұл орайда мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент жедел түрде тиісті органдардың орындауына қажетті тиісті заң қабылдап берді. «Ескі жүйеде» есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен соңғы екі жылдың ішінде 2 триллон теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Сол тиісті органдар қайтарылған қаражат халыққа қажетті әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салуға жұмсалуда дейді. «Дейді» деп, сырттан сырғыта сөйлеуімізге ел президенті бастамасын уәкілетті органдардың орындау барысына көңіл толмағандық себеп болып отыр. Басқасын қайдам, сол екі триллионның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал президенттің тілімен айтқанда, «ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы тиіс активтер қайда», деген депутат заңның жүзеге асыру процесінен оны қабылдағандардың хабарсыз қалуын сынады.

Президенттің тікелей өкімімен құрылған Ұлттық Құрылтай да елдің даму жолындағы оң серпіліс. Құрылтайдың қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалогтық алаңға айналғанын жуықта ғана өткен Бурабай Құрылтайы тағы да дәлелдеді.

«Жергілікті әкімдердің сайланып қою жөніндегі президенттің тағы бір реформалық бастамасын тілге тиек еткім келеді. Иә, бұл мемлекеттік басқару вертикалын демократияландыруға бастайтын батыл қадам болғаны даусыз. Халықтың өзін-өзі басқару принциптерін өркениетті әлемнің саяси дәстүрі негізінде қалыптастыру қағидасы қоғамда қызу қолдаумен қабылданғаны рас. Бірақ осы сайлаудың нәтижесінде сайланған әкімдердің дербестігі мен жергілікті әкімдіктердің бюджет-қаражат жүйесін жетілдіру бағытында әлі де көп жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бюджетсіз әкім – ескексіз қайықтай», деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Social Link

Follow Me On Social Media