What are you looking for?

БАӘ кәсіпкерлері елімізге бизнес миссиямен келеді

19.03.2025

Қазақстан мен Шығанақтағы араб елдерінің бизнес өкілдері іскерлік ынтымақтастықты тереңдетпек .

Дубайда “EurAsia Gulf” қауымдастығының ұйытқы болуымен кәсіпкерлер бас қосты. Жергілікті бизнестің мұндай форматтағы кездесуі дәстүрге айналған. Кейде ол қас қарайғанша жалғасады әрі түрлі тақырыпта әңгіме өрбиді. Қауымдастық осындай басқосудың бірін Қазақстанның инвестициялық және экономикалық бағыт-бағдарына арнады. Жиынға еліміздің Дубайдағы бас консулы мен өзге де дипломаттар қатысты. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Әлібек Алмабеков елдегі қолайлы бизнес климатқа тоқталып, артықшылықтарын түсіндірді. Кейін “EurAsia Gulf” тобымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Қауымдастық құрамына 200-ге тарта ірі кәсіпкер кіреді. Бірлестік Орталық Азия мен Шығанақтағы экономикалық мүмкіндіктерді саралап, инвестициялық ахуалға талдау жүргізеді.

Навар Абдул Вахед, БАӘ «Eurasia» бизнес қауымдастығының бас атқарушы директоры:

- Біздің құрылым Орталық Азия мен Шығанақты және Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында бизнес платформа миссиясын атқарады. Бүгін қабылданған келісім Қазақстанмен бірлескен форумдар мен кездесулерді көптеп өткізуге және екі жаққа да құнды келісімшарттар жасауға жол ашады. Алғашқысы таяу арада Қазақстанда ұйымдастырылады. Одан кейінгілерін Әмірліктерде, сосын Сауд Арабиясында өткізу жоспарланған.

Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы шетелдік кәсіпкерлермен ынтымақтастықты тереңдету үшін қолайлы жағдай жасайды. Дубайда орналасқан ірі компаниялар кіретін әртүрлі салада «EurAsia Gulf» тобымен меморандумға қол қойдық. Осының нәтижесінде Дубайдағы компаниялар сәуір айында Қазақстанға іссапармен барады.

Social Link

Follow Me On Social Media