Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Қарқаралы ауданына қарасты Ынталы ауылының іргесіне су қоймасы салынбақ. Алайда тұрғындар биіктігі 12 метрден асатын нысанның құрылысына наразы. Себебі алып су қоймасы елдімекенге тым жақын, не бәрі 600 метр жерде ораналаспақ. Тұрғындардың айтуынша, бұл аумақтың жері өте дымқыл, 1 метр тереңдіктен жер асты суы шыға бастайды. Сондықтан қандай да бір қателік кетсе, ауылға қатер төнеді деп санайды.
Сағындық Мыңкеев, Ынталы ауылының тұрғыны:
12 метрлік су қоймасын салса 80 млн тонна су жиналады, бұл масқара емес пе?! Ертең жазатайым жағдай болса, мына халық су астында қалады.
Ауылы тұрғындарының талабын жауаптылар Су шаруашылығы министрлігіне жеткіземіз деп уәде берді. Бүгінде жобаның техникалық негіздемелері ғана дайындалған, ал мемлекеттік сараптама әлі жасалмаған. Жалпы елімізде алдағы 4 жылда 42 су қоймасы салынбақ. Соның арқасында тасқынның алдын алып, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.
Әсет Тазабеков, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
Қазір хаттама шығады. Оны тапсырыс беруші Су шаруашылығы министрлігіне жеткіземіз. «Міне осындай жағдай болып жатыр, осындай қауіп бар, тұрғындар соның барлығына қатты назар аударып жатыр» деп. Алайда халықтың пікірінсіз ешқандай жұмыс істелінбейді.
Жандос Бақытұлы