Шымкентте бәйгеден ел чемпионаты басталды.
Жарысқа атбегілер мен шашасына шаң жуытпаған шабандоздар жиналды. Дала дүбірінде құнандар мен жүйрік аттар сыналып, топ бастаған үздіктері ақтық бәсекеге жолдама алады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Бәйгеден Қазақстан Республикасы чемпионатының жалауы желбіреді. Елдің әр өңірінен бабы келіскен үздік 50 жылқы жеткізілді. Бапкерлер қомақты жүлде үшін ғана емес, оларды жанкешті додаға салып, дара шығаруға ниетті.
Жарыс бағдарламасы бойынша бәйгенің төрт түрі өтіп жатыр. 2 жасқа толған құнандар — 7 шақырымға, ұшқыр аттар — 5 шақырымға шауып кіл мықтысы анықталды. Сондай-ақ 12 шақырым қашықтыққа арналған топ пен 18 шақырымда аламан бәйгенің көрігі қызды. Спортшыларға қолдау көрсету үшін жүздеген адам жиналды. Жүйріктерді демеп, делебесі қозды. Айтуларынша, мұндай чемпионат «дала дәстүрі мен төл мәдениетті ұлықтайтын үлкен мереке».
Қанат Көпбаев, Қазақстан бәйге федерациясының президенті:
- Шабандоздар жетеді. Бірінші ат. Былтырғыға қарағанда ат онша көп емес. Биыл тағы басқа жерлерде бәйге өтіп жатыр. Былтырғы бәйгелерді қарасаңыз биылда лиддер болатын ат «Жұмыр тұяқ». Қазақстанда туған ат. Тренерлер жақсылап жұмыс істеу керек. Шабандоздар жақсылап дайындалу керек. Спорт болғасын ұту керек.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 22 миллион 700 мың теңге. Қомақты қаражат алғашқы іріктеуде үздік шыққандарға үлестіріледі. Әзірге құнан бәйгенің жеңімпаздары белгілі болды. Жамбыл облысынан шыққан Айхай атты жануар мәреге бірінші жетіп, бас жүлдені иеленді. Екінші және үшінші орындарға Алматы облысынан келген құнандар лайықты болды. Алайда сыннан сүрінген шын мықтыға тұсау жоқ. Оларға шеберлігін шыңдауға тағы да мүмкіндік беріледі.
Жолаушы Назар, құнан бәйгенің бас жүлде иегері /Жамбыл облысы/:
- Атым өзі сүйрей бастады. Әкем мен ағам айтқан топта отырып ал 2 круг. Отырасың-отырасың деген. Содан кейін соңғыға жеткенде бірінші, екінші атты жібермейсің деген. Фиништен өткен соң өзім атты сүйрей бастадым. Атыма сенгем. Атым ойнап, терлеп алған стартқа барған кезде.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Айтулы жарысқа қатысушылар ел чемпионатының келесі кезеңдерінде тағы да бақ сынайтын болады. Яғни келесі айдан бастап Қызылорда, Талдықорған, Көкшетау, Семей, Павлодар және Ақтөбе қалаларындағы бәйгеге қатысады. Іріктеудің алды болған жүйріктер Таразда өтетін ақтық сынға жолдама алады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов