Димаш Құдайбергеннің жапондық жанкүйерлері қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Көктем мерекесіне орай олар фан-клубтың кеңсесінде жиналып, қазақстандық әншінің әндерін орындады.
Жапониядағы Димаш Құдайбергеннің ресми фан-клубының алдында бізді Фуми Фумияма қарсы алды. Ол бірнеше жыл бұрын қазақстандық әншінің бейнебаянын интернеттен кездейсоқ көріп, содан бастап оның нағыз жанкүйеріне айналған. Екі жыл бұрын Фуми фан-клубтың төрайымы атанды. Бұл іспен бос уақытында айналысады, ал негізгі жұмыс орыны АҚШ компаниясының Жапониядағы өкілдігі. Үш ай бұрын ол Токио шаһарынан 20 шақырым жерде орналасқан Асака қаласында фан-клубтың кеңсесін ашқан. Қазір мұнда күншығыс еліндегі Димаштың барлық жанкүйерлері келеді. Кеңседе қазақстандық әншіге арналған күнтізбелер, үстел сағаттары, тіпті пошта маркаларын сатып алуға болады.
Фуми Фумияма, Жапониядағы Димаштың ресми фан-клубының төрайымы:
- Біз жапондардың Димаш туралы көбірек білуі үшін әлеуметтік желілерде күн сайын жаңалықтар таратамыз. Сондай-ақ, жанкүйерлердің Димаштың концерттеріне баруын ұйымдастырамыз. Маған Малайзия, Гонконг, Түркия және Астанадағы концерттеріне бару бақыты бұйырды. Астанада жапон жанкүйерлері үшін жылжымайтын мүлік сатып алғымыз келеді. Фан-клубтың шамамен 100 мүшесі тұрақты түрде жарна төлеп тұрады және бізге көмектесетін тағы мыңнан астам жанкүйеріміз бар.
Димаштың жанкүйерлері қазақстандық спортшылар Жапонияға жарыстарға келгенде үнемі барып, қолдап отырады. Жақында олар Токиодағы Қазақстан елшілігі арқылы елге Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен біздің түсірілім тобымыз келетінін естіп жиналған. Осы сәтті пайдаланып 24KZ телеарнасы арқылы сүйікті әншісіне сәлем жолдауды жөн көрген.
Жанкүйерлер кездесулерде Димаш туралы соңғы жаңалықтармен бөлісіп, әндерін орындайды. Олардың репертуарындағы ең сүйікті шығармаларының бірі жапондық "Ikanaide". Димаш оны 2021 жылы Токиода өткен джаз фестивалінде шырқаған. Ән авторлары Горо Мацуи мен Коджи Тамакидің айтуынша, қазақ әртісі – бұл композицияны керемет шеберлікпен орындаған ең үздік шетелдік әнші.
Димаштың жанкүйерлері қазақстандықтарды Наурызбен құттықтап, өнер жұлдызын биыл жазда Осакада өтетін ЭКСПО-2025 көрмесіне келуге шақырды. Онда еліміздің павильоны ашылып, 10 тамызда Қазақстан күні атап өтіледі.
Владислав Цой, Ольга Лян