Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар Су кодексін және оған ілеспе заңдарды қарады. Сондай-ақ халықаралық келісімді ратификациялап, соңында депутаттық сауалдарын жолдады.
Су ресурстарын басқаруды реттейді
Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Су кодексі» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдар екі оқылымда қаралды. Аталған кодекс пен заңдар елдің су ресурстарын тиімді пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған.
«Су ресурстарын тиімді басқару – еліміз үшін өзекті мәселенің бірі. Бұл сала мемлекеттің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, азық-түлік және энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы су ресурстары саласындағы заңнамалық базаны түбегейлі қайта қарау және институционалдық ортаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл қаралған Су кодексі және оған ілеспе заңдар осы тапсырмаларды орындау мақсатымен әзірленді», деді палата төрағасы.
Сенаторлар қараған заңдар азаматтарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері болып саналатын иесіз су шаруашылығы құрылысжайларын сот оларды коммуналдық меншікке түскен деп танығанға дейін уақытша пайдалануды көздейді. Сонымен қатар су тасқыны, құрғақшылық және олардың теріс әсерінің алдын алумен қоса, ел экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі норма енгізілді.
«Үкімет су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен тәсілдерді айқындайтын ұзақмерзімді арнайы интеграцияланған бас жоспар қабылдайды. Заңдарда салаға жаңа технологиялар мен цифрландыруды енгізуді ынталандыруға арналған ережелер топтамасы да бар. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс айтты. Сол арқылы суды пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, осы саладағы рұқсат беру ережелері және кейбір мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды. Алдағы уақытта жаңа кодекс су ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Заңдарды талқылау нәтижесінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Су кодексін» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды концептуалды тұрғыда мақұлдап, оларға бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Нақты айтқанда, Сенат депутаттары қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларымен сәйкестендіруге және су ресурстарын қорғау мен пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізді. Осыған байланысты бірқатар заң мен кодекс өзгертулер мен толықтыруларға ұшырайды.
Ал «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қалған ілеспе заңдар екі оқылымда мақұлданды.
Бұл заңдар Каспий теңізінің қазақстандық секторында көмірсутектерді барлау және өндіру, жерасты суларын барлау және тарту, сондай-ақ кен іздестіру, тұз және емдік балшық өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге рұқсат беруді көздейді. Одан бөлек, Арал өңірінің ерекше экологиялық мәртебесін ескере отырып, Арал теңізі шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салу белгіленді.
Заңсыз активтерді қайтаруға қосымша тетік
Палата отырысында сенаторлар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Депутаттар атап өткендей, келісімді ратификациялау заңсыз сатып алынған және елден шығарылған активтерді қайтару бойынша қосымша халықаралық құқықтық тетіктің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келісім сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздестіру және қайтару саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды ұстау және ұстап беруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысатын жеке тұлғалар мен ұйымдарды құқықтық қорғауды және қолдауды қамтамасыз етуді көздейтін ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен нысандарын айқындайды.
Сенат спикері отырысқа қатысушыларды жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз мейрамымен құттықтап, елімізге амандық, барша отандасымызға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Тазыны экспорттауға тыйым салу керек
Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Бибігүл Жексенбай қазақ тазысының тұқымын сақтау және қорғау жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау, соның ішінде оны экспорттауға тыйым салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ сенатор Тазы мен Төбет күнін атап өтуді қарашаның бірінші жексенбісіне ауыстыруды ұсынып, бұл дата аңшылық маусымның ашылуына сәйкес келетінін тілге тиек етті.
Б.Жексенбай көптеген елде ұлттық тұқымдар мемлекеттік қорғауға алынғанын, Жапонияда, Түркияда, Түрікменстанда акита-ину, қанғал, алабай экспортына шектеулер бар екенін атады. Бұл шаралар олардың тазалығын сақтауға мүмкіндік береді.
«Қазақ тазысы – халықаралық тізімге енген, қазақ даласында мыңдаған жыл бойы қалыптасқан иттің ерекше тұқымы. Бұл мәдени мұрамыз ғана емес, сонымен қатар ұлттық ерекшеліктің маңызды бөлігі. Бүгінде олардың басқа тұқымдармен будандастыру мен бақылаусыз шетелге әкетілуіне байланысты таза тұқымды тазының жойылу қаупі бар. Оған жол бермеу үшін еліміз қатаң шаралар қарастырып, тазыны экспорттауға тыйым салу, тек мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуын міндеттеу керек. Бұған қоса тұқымды өсіру мен тіркеуге бақылауды күшейту қажет. Әлемдік деңгейде қазақ тазысын бренд ретінде насихаттау бағытында дәстүрлі «Қансонар» халықаралық фестивалін өткізіп тұру, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасы негізінде көркем фильм түсіруді қарастырған жөн», деп атап өтті депутат.
Бизнесті қолдау тәсілдері тиімсіз
Депутат Ләззат Рысбекова шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктерінің ескіргеніне, сондықтан бұл саланы кешенді қайта қарау қажет екеніне назар аударды. Сенатордың айтуынша, мемлекеттік қолдау рәсімдерінің тармақталған әрі күрделі жүйесі және ведомствоаралық үйлестірудің болмауы қаржы құралдарының шашырауына әкеліп соғады, сондай-ақ нарықтағы бәсекелестікті төмендетеді.
«Қазіргі уақытта 106 мемлекеттік қолдау шарасы жүзеге асып жатыр. Оның 62-сі қаржылық, ал 44-і қаржылық емес қолдау түрлеріне жатады. Бұл шараларға 9 орталық мемлекеттік орган мен 29 оператор әкімшілік етеді. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті аясында бизнесті қолдаумен айналысады, алайда бұл салада бірыңғай үйлестіру жұмысы қалыптаспаған. Ешбір мемлекеттік орган барлық сала бойынша қолдау шараларының тетіктері мен шарттары туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Түрлі дереккөздерден алынған жалпылама мәліметтер олардың тиімділігін бағалауды қиындатады», деді сенатор.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жоқтығы қаржы ресурсын тиімсіз пайдалануға итермелеп отыр. Мысалы, 2025 жылы ішкі сауда субъектілерін қолдауға 5,3 млрд теңге бөлу жоспарланған, алайда қатаң бәсекелестік жағдайында мұндай шаралардың қаншалықты орынды екені сұрақ тудырады. Оған қоса Үкімет қаржылай қолдау шараларының тиімділігіне толық талдау жүргізген жоқ, бұл мәселе 2023 жылы көтерілгеніне қарамастан, тиісті бағалау әлі күнге дейін жасалмаған. Сенатордың айтуынша, іске асырылған бағдарламалардың нақты нәтижелерін түсінбей тұрып, олардың бизнеске қаншалықты пайда әкелетінін айту қиын.
«Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен мекемеаралық үйлестіру жұмыстарына жауапты негізгі орган ретінде Ұлттық экономика министрлігін белгілеу керек. Бизнесті мемлекеттік қолдау туралы барлық ақпарат бірыңғай орталықта шоғырланып, кейіннен оның тиімділігін мониторингілеу, талдау және бағалау жүргізілуге тиіс. Осы негізде Үкімет қолдау шараларының орындылығы туралы салмақты шешімдер қабылдауы қажет. Сондай-ақ елімізде орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының іс жүзінде жоқ», деді Л.Рысбекова.
Сондай-ақ отырыс барысында депутат Жанна Асанова «Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж қымбат инновациялық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Алайда бүгінде «Білім туралы» заңдағы және Үкіметтің тиісті қаулысындағы сәйкессіздіктерге байланысты бұл бастама толық көлемде пайдаланылмай отыр. Осыған байланысты депутат аталған құжаттарға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Сенатор Алишер Сатвалдиев онкологиялық және травматологиялық операциялардан кейін пациенттерді оңалтуға қажетті технологиялар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, оның ішінде 3D арқылы басып шығарылатын титаннан жасалған сүйек импланттарының жетіспеушілігін айтып, аталған мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Осыған орай сенатор оларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне енгізу керектігіне тоқталып, нақты ұсыныстарын жеткізді.