Орман – еліміздің баға жетпес байлығы. Қолда бардың қадіріне жетіп, сол табиғи байлықтың айдай сұлу ажарына кіреуке түсірмей, әр жыл сайын көшет егіп, молайту міндет. Келер ұрпаққа қалар сыбаға да осы.
Көкшетау мен Қорғалжынға дейінгі кең көсілген сайын далада орман баршылық. Облыстық Табиғат ресурстары және табиғатты реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Шаруашылықтар ел игілігін көздің қарашығындай күзетіп, жыл сайын көшет егіп, орман алқабын кеңейтіп келеді. Бүгінде өңірдегі орман қорының аумағы 1,06 миллион гектарды құрайды. Оның үштен бірі, яғни 445,3 мың гектары – орманды алқап. Мемлекеттік орман қоры басқармаға тиесілі. Ол дегеніңіз 405,1 мың гектар.
Жоғарыда мемлекеттік орман шаруашылықтары орман үлесін молайту бағытында еселі жұмыс істеп келе жатқандығын екпін түсіріп айтып өттік. Сәл талдау жасалық, 2009 жылы 17,6 мың гектар алқапқа көшет отырғызылды. Астана – Щучинск бағытындағы автожолдың қос қапталы орманшылардың оңды жұмысының арқасында көркейіп келеді. Жасыл белдеу жыл өткен сайын жайқалып өсіп, көзқуанышқа айналып отыр. Өкпек жолаушы Бурабай тауларының баурайынан бастау алып, Шортандыға дейін созылатын жол бойында тамылжыған табиғаттың құнарлы бір пұшпағына көз сусындатып, көкірегін қуанышқа толтырады. Жол бойындағы жасыл белдеу жыл өткен сайын еселей көбейіп, сан алуан ағаш бой көтеріп, сырбаз сұлулығы әлемге аңыз болып тараған жұмақ өлкенің жұпар иісін самал желмен таратып, пейіш пішінді ғажайып көрініске ие болып барады.
Ел байлығын еселеу туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл тараптағы жұмыс мейлінше мұқият атқарылып жатыр. Президент тапсырмасында кейінгі бес жыл ішінде орман қорын еселеу мақсатында 2 миллиардқа жуық көшет отырғызу міндеті жүктелген болатын. Осы тапсырманы орындау барысында өңір 2021–2027 жылдары 150 миллион дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін 23,8 мың гектарға отырғызуды межелеген еді. 2021 жылы орман шаруашылықтары 1 370 гектарға көшет отырғызды. Әуел баста 970 гектар жоспарланған. Тамаша табиғаттың сұлу ажарын сыландыратын шарапатты шаруаға белсене үлес қосқан орманшылар бұл тараптағы жоспарды 141%-ға орындап шықты. 2022 жылы орман шаруашылықтары жоспарда көрсетілген 1 280 гектардың орнына 2 845,5 гектар жерге көшет отырғызды. 17,2 миллион дана көшет аялы қолдардың шарапатымен көктеп бой көтерді. Жоспар 222,3%-ға орындалды. Одан кейінгі жылдары да қыруар жұмыс атқарылды. Биыл орман шаруашылықтары 2 мың гектар жерге 14 миллион дана көшет отырғызуды межелеп отыр.
Бұл істе ең бастысы – көшет дайындау. 11 тәлімбақтың 171 гектар алқабында 10 миллион дана бір-екі жылдық көшет бапталып, дайын тұр. Бұл көлем барлық қажеттілікті өтеуге толық жетеді. Орман шаруашылықтары жапырақты ағаш түрлерінің тұқымын дер кезінде жинап кептіріп қойған болатын. Ерте қамданғанның есесі кетпейді дегендей, 113 тонна тұқым жиналды. 7 тұқым кептіргіште 70 тонна қарағай бүршіктері өңдеуден өткізілді.
Жұмыс ауқымы кеңейгеннен кейін жаңа тәлімбақтардың құрылысын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Жалпы көлемі 62 гектарды құрайтын тұрақты тәлімбақтың жобалау-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Ойға алған іс оңынан оңғарылған кезде Көкше даласындағы көшеттердің саны да өсе түспек. Әр жыл сайын өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын орман шаруашылығының еңбеккерлері еселі үлесін қосып жатқанымен, өңірдегі орманды алқаптың көлемі барлық жердің 3%-ын ғана құрайды. Тапсырма жүзеге асырылған кезде қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті өңірдің омырауында балғын көшет күнге бой салып көтеріліп, орманды алқаптың омырауы ырысқа тұнып тұрмақ.
Ақмола облысы