What are you looking for?

Наурызға сыйлық: Алматы облысының 114 тұрғыны баспаналы болды

21.03.2025

Соңғы бірнеше жыл бойы Алматы облысында бірде-бір әлеуметтік тұрғын үй салынған емес. Көпбалалы аналар, балалар үйінің тәриеленушілері секілді арнайы әлеуметтік топқа жататын жандар үй кезегін он жылдап күтуге мәжбүр еді. Бірақ биыл Есік қаласы әкімдігімен салынған жаңа әлеуметтік тұрғын үйлер бой көтерді. 114 тұрғын "Отбасы банктің" жеңілдетілген бағдарламасы арқылы жаңа пәтердің кілтін алды. NUR.KZ тілшісі он жыл кезекке тұрған азаматтармен тілдесіп қайтты.

"Кезекке тұрғаныма он жыл болды"

Бағила Әсетова – ұзақ жыл тәжірибесі бар мемлекеттік қызметкер, алты баланың анасы. Аяулы жар, үлкен әулеттің келіні. Жолдасына тұрмысқа шыққаннан бері ата-ене шаңырағында тұрып келді. 2015 жылы көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрған еді. Енді, міне, Әз-Наурыздың қарсаңында Бағила 2% жеңілдетілген несие рәсімдеп, 3 бөлмелі пәтер алды. Он жыл күткен үйдің кілті қолына тиді.

"Қатты қуаныштымыз. Жақындарым да құттықтап жатыр. Ұлыстың ұлы күнінде жаңа қонысқа кіріп жатырмыз. Бұл тамаша мүмкіндік қой. Оған себепкер болған жандардың барлығына көп рахмет", — дейді Бағила толқығанын жасыра алмай.

үйлі болған жан
Фото: "Отбасы банк"

Алты балалы отбасыға бұйырған пәтер үш бөлмелі, бірінші қабатта орналасқан. Наурыз бен қоныс тойды тойлауды бастап, ауызашар бергелі жатыр екен.

Бағила тәрізді жаңа пәтерге ие болған тағы бір көпбалалы ана – Перуза Аманқұлова. 19, 17 жастағы бойжеткен қыздары және мектеп қабырғасындағы екі ұлы бар. Осыдан алты жыл бұрын, 2019 жылы көпбалалы ана ретінде кезекке тұрған. Енді Наурыз мерекесі қарсаңында үш бөлмелі үйдің кілтін алу бұйырыпты.

"Сөзбен айтып жеткізе алмаймын, өте қуаныштымыз. Баспаналы болу – әр адамның арманы ғой. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде жұмыс істейтін мамандарға көп рахмет айтқым келеді. Қандай құжаттар керек екенін толық түсіндіріп, көмегін аямады. Осы бағдарламаны шығарған үкіметке, "Отбасы банкке" алғысымды айтамын", — дейді бақытты ана.

Перуза да 2% жеңілдетілген ипотека алды. Баспананың іші кең, жарық. "Қыздарым үшін жеке бөлме болады" деп қуанады көпбалалы ана.

үйлі болған жан
Фото: "Отбасы банк"

Шарты жеңіл, пәтері сапалы бағдарлама

Есік қаласы әкімдігі биыл 120 пәтерден тұратын үш бес қабатты үй тұрғызған. Көктемгі Жаңа жылдың қарсаңында Перуза мен Бағила тәрізді 114 тұрғын сол жаңа үйлеріне кірді. Барлығы да – "Отбасы банк" клиенттері. Жылдар бойы баспана кезегінде тұрған жандар үшін бұл күн ұзаққа есте қалары сөзсіз. Қуанышты күні жаңақоныс иелерін "Отбасы банк" басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай құттықтады.

"Бүгін – ерекше күн. 114 клиентіміз баспаналы болды. Жаңа үйге көшу – әрдайым толқынысты әрі қуанышты сәт. Бұл оқиғаның Наурыз мейрамы қарсаңында өтуі де символикалық мәнге ие, өйткені бұл жаңару, молшылық пен отбасы бақытының мерекесі. Биылғы Наурыз біздің салымшыларымыз үшін ерекше жылы әрі жайлы өтеді. Олар өз шаңырағында дастарқан жайып, мерекені өз үйлерінде қарсы алады. Ең маңыздысы – мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегілерге пәтер таза әрленген күйінде және қолжетімді бағамен ұсынылды. Шаршы метрі – 160 000 теңге. Пәтердің ең жоғары құны – 11,9 млн теңге", — деді Жансұлтан Матай.

Алматы облысының тұрғындары бұл баспананы 2% (ЖТСМ – 2,0%-2,1%) және 5% (ЖТСМ – 5,2%-5,8%) жеңілдікпен, бастапқы жарна ретінде тек 10% төлеп ипотекаға алды. Осы бағдарламаның арқасыңда ең әуелі бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар, көпбалалы және толық емес отбасылар қатыса алады. Шарттары жеңіл, мерзімі ұзақ ипотека олар үшін ерекше көмек.

Солардың бірі – Құрманақын Ерасыл. Ол ата-анасына ерте айырылған, қамқоршысының қолында тәрбиеленді. Ерасыл мектеп қабырғасында жүрген жетінші сыныпта қамқоршысы үй кезегіне жазған. Қазір ол университет бітірді, Алматыдағы автобус паркінде IT бөлімінде жұмыс істейді. Ересек өмірге қадам басқан жас жігіттің енді жеке пәтері де бар.

"Шыны керек, өзімді пәтері бар сияқы сезініп жатқан жоқпын. Әрине, өте қуаныштымын, бірақ әлі де сене алмай тұрмын. Сезіну үшін біраз уақыт керек шығар. Бұйыртса, заттарымды алып қоныстана берсем деген жоспарым бар", — дейді Ерасыл.

лента қию рәсімі
Фото: "Отбасы банк"

Айта кету қажет, берілген пәтердің барлығы – әрленген, пайдалануға дайын. Кілті қолға тиген күні ішіне кіре беруге болады.

Мұндай әлеуметтік тұрғын үйлер қазіргі уақытта Текелі, Павлодар, Ақсу, Жаркент, Қостанай облысында жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаға өтінімдер otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Қатысушыларды іріктеудің негізгі критерийі – тұрғын үй кезегіне қойылған күні.

үйлі болған жан
Фото: "Отбасы банк"

2024 жылы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы аясында республика бойынша 9 004 азамат баспанаға қол жеткізді. Бұл мақсатқа 108 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдау арқылы 1 204 бірінші және екінші топ мүгедектігі бар азамат, 1 368 көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 942 отбасы, сондай-ақ "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша кезекте тұрған 330 қазақстандық өз баспанасына ие болды.

Social Link

Follow Me On Social Media