Облыс орталығына іргелес Кенжекөл ауылында бүгін ұлан-асыр той, деп хабарлайды 24kz.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елді мекен халқы мерекелік концерт, ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Мейрам қарсаңында Кенжекөл ауылында «Жауқазын» байқауы өтті. Тұрғындар Наурыздың символы – қызғалдақ гүлін жасады. Байқауда топ жарған Зарлық Нұрғожиннің өзі жүргізуші болып жұмыс істейді. Бос уақытын осындай пайдалы іске арнап отырады. Өз қолымен жасаған қызғалдақты аудандық мәдениет үйіне сыйға тартқан.
Зарлық Нұрғожин, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
- Конкурстың шарты бойынша далада тұрады дегеннен кейін темірден артық шыдамды нәрсе жоқ, пластиктің өзі ол күннің көзіне көп болса, бір-екі жыл ғана шыдайды. Мына темір ұзақ сақталады деп осыдан істедім енді.
Он мыңға тарта тұрғыны бар Кенжекөл ауылы ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетті. Наурызнама онкүндігіне орай тақырыптық шаралар үзбей өткізілді. Соның бірі қолөнер шеберлерінің көрмесі болды.
Амангүл Жұмабайқызы, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
- Ауылдастарымызды, отандастарымызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Денсаулық тілейміз, ынтымақ, береке-бірлік болсын.
Бұл күні күрестен турнир ұйымдастырылды. Ал елді мекеннің білекті жігіттері гір тасын көтеруден сынға түсті. Ауылдық округ әкімі Медет Сансызбаевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп, инфрақұрылым мәселесі жақсарып келеді.
Медет Сансызбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі:
- Жалпы жаңағы жарықтандыру бойынша біз 100% деп отырмыз атқарылған істер. Жол бойынша 90%, 10%-ін алдағы уақытта атқарып, аяқтаймыз деген жоспар бар. Жаңадан ойын алаңдары құрылуда. Балалар дене шынықтыру кешені ашылды былтыр.
Ұлттық ойындар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көкпар, бәйге, аударыспақтан жүлделер сарапқа салынды. Тіпті ауылдың көкпардан жеке командасы бар. Соңғы кезде атбегілікке ден қойған жастардың қатары артқан.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков