Дәл қазір маңғыстаулықтар әлемдік Гиннесс рекордын орнату мақсатында теңіз жағалауына жиналып жатыр.
Өңір жұртшылығы «Best Fest Nauryz» фестивалі аясында «Қазақ ұлттық киімімен ең көп адам жиналысы» аталымы бойынша рекордтар кітабына тіркелуге үмітті. Жобаға 19-наурыздан бері 6 мыңға жуық адам тіркелген. Бүгін Ақтауда күн құбылмалы көрінеді. Бұл Гиннесс рекордын орнатуға кедергі келтірмей ме?
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ақтауда кешелі бері күн құбылмалы. Қалың тұман түсіп, ызғарлы жел байқалды. Қазір де жаңбыр жауып тұр. Соған қарамастан таңсәріден амфитетарға жиналған көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі. Барлығы да «бір сәтте қазақтың ұлттық киімімен жүрген ең көп адам жиналысы» аталымы бойынша әлемдік Гиннесс рекордын орнатуға өз үлесін қосуға ниетті. Ерекше шараға қатысушылар тұрған аумақ қоршауға алынған. Өйткені ережеге сәйкес киінбеген адамның кіруіне рұқсат жоқ. Сағат 10-да дала сахнасында гонг соғылады. Бұл Лондон қаласынан арнайы келген Гиннесс рекордтар кітабы штаб-пәтерінің өкілдері санақ жүргізуді бастағанын білдіреді. Санақ кезінде қатысушылар орнынан қозғалмауы шарт. Егер талап толық орындалса, қазақ елінде тіркелген рекорд туралы сертификат табысталады. Қазір менің жанымда Аружан есімді қала тұрғыны тұр. Сіз ұлттық киіміңізді тапсырыспен тіктірдіңіз бе? Әлде бұл көненің көзі ретінде үйде сақталған киім бе?
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ұйымдастырушылардың дерегінше, жобаға 5500-ден астам адам тіркелген. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, жастар мен қариялар, Каспий жағасындағы қалаға демалуға келген туристер де бар. 19-21 наурыз аралығында қатысушыларға арнайы білезік (браслет) таратылды. Бүгін олар үшін қалада қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді. Айта кетсек, дала сахнасы алдында 29 киіз үй тігілді. Бүгін күні бойы көрермен назарына ұлттық ойындар, шығармашылық көрмелер мен концерттік бағдарлама ұсынылады.