What are you looking for?

Брюссельде қазақстандық зергердің көрмесі ашылды

25.03.2025

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Брюссельде белгілі суретші Сержан Бәшіровтің жеке көрмесі ашылды. Қазақстандық қолөнер шебері көпшілікке этноавангард стиліндегі зергерлік бұйымдарын ұсынды. Шараны еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен «Мәдениеттер керуені» деп аталатын Орталық азиялық креативті орталық ұйымдастырған.

Сержан Бәшіров-қазақтың зергерлік өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, дәріптеп жүрген шебер. Талай халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Брюссельдегі жеке көрмесіне 30-дан астам тың туындысын қойған.

Сержан Бәшіров, зергер:

Мына зат өзіміздің көне қазақтың бұйымы. Батыс Қазақстан жақтың өңіржиектің жоғарғы тақтасының бір бөлігі. Бір жағы ашылатын болған. Мұның ерекшелігі, сіркелеп жасаған. Оның терең мағынасы бар.

Қолөнер шебері жұмыстарында негізінен күн, шексіздік сынды философиялық мәнге ие белгілерді қолданады.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Сержан Бәшіров 5 рет ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатын иемденген. Оның әрбір жұмысы шынайылығымен, эксклюзивтілігімен құнды. Мәселен, мына сақинада үкінің тұяғы бейнеленген. Жұрттың назары киелі құстың тұяғына ауып, сақинаның иесін тіл көзден сақтайды деген мағынада.

Зергер «Алтай», «Керулен», «Ертіс толқыны» атты жұмыстары арқылы халықтың тұрмысын, наным сенімін шебер жеткізе білген. Мағынасы терең, көркі көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар мен инсталяциялар еуропалықтарды тәнті етті.

Елена Харитонова, «Мәдениеттер керуені» Орта Азиялық креативті орталығының тең директоры:

Ол алтынмен аптап, күмістен, табиғи тастар мен ағашты қолдану арқылы керемет туындылар жасайды. Қазақ дизайнерлерінің металдан басқа материалдарды қолдануы ғажап.

Сильвия Даймонд, қала тұрғыны:

Мына сырға маған қатты ұнап қалды. Қазақтың жауһарларымен танысқаныма қуаныштымын. Наурыз құтты болсын.

Сержан шебер ғана емес, көненің көзін жинаушы коллекционер. Алтай қазақтары 60-жылдары жасаған мына тұскиіз оның құнды жәдігері. Еуропалықтар көрсін деп Брюссельге ала келіпті. Қазақтың дүниетанымы мен бай рухани мұрасынан сыр шертетін көрмені көпшілік үш күн тамашалай алады.

Нұрсұлу Қасым