Семейде қала кезіп, жұртты әуре-сарсаңға салған жылқы иесі іздестіріліп жатыр. Асау жануар 56 жастағы әйелді таптап өткен. Миы шайқалып, бірнеше жерден сүйегі сынған науқас қазір дәрігерлердің бақылауында, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Науқастың миы шайқалған, жарақаттар алған. Қабырғасы, саусағы, жілігі сынған. Емделіп жатыр, зерттеулер жасалды", — деді Семей жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Дарын Бахтыбаев.
Шылбырын сүйреген жылқы қала орталығында екі күн жүрген. Ақыры бағдаршамнан өтіп бара жатқан әйелді таптап өтіп, жеңіл көліктердің біріне соғылған. Тәртіп сақшылары мен қоғам белсенділері жануарды ұстау үшін ізіне түсті. Алайда жылқыны бірден құрықтау оңайға соқпаған.
Полиция қызметкерлері оны патрульдік көліктермен жан-жақтан қаумалап жүріп әрең ұстаған. Дүйім елді шулатқан жылқының қожайыны іздестіріліп жатыр. Иесі табылған жағдайда бүлінген жеңіл көліктің шығыны мен тұяғының астында қалған әйелдің ем-домына кеткен қаражатты өтеу міндеттеледі.
"Жылқы ұсталып, иесіз малға арналған айып тұрағына жеткізілді. Полиция қызметкерлері иесін анықтап жатыр. Оған ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, азаматтық тәртіпте зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу міндеттеледі", — деді Семей ПБ орталық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейірбек Нұрекенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!