Уақыттың аса қымбат екенін сезінген адам әр сәтін, әр минутын құр босқа жібермеуге тырысады. Оның өзінде біреулер бар, уақытты материалдық дүниемен өлшейді, енді біреуіне жан ләззаты құнды. Ол хақында көсілсек, газеттің айқарма беті аздық етер.
Айтпағым, кітап сүйер оқырманның басым бөлігі оқитын дүниесіне талғаммен қарайды. Бос дүниеге уақыт жоғалтпауға тырысады. Талғаммен оқылатын жазушылар көп. Мәселен, Асқар Алтай. Әңгімелерінің тақырыбы тартып тұрады: «Кентавр», «Киллер сауысқан», «Альпинист», «Селебе», «Казино», «Таганка», тағысын тағы. Түнеугүні қайталай оқып шыққаным «Таганка». Бұл да – бір деммен оқылатын шығарма.
Біздің қоғамда әділдік бар ма? Бар болса, неге кейбіреулер оған қол жеткізе алмайды? Неге шындық айтқан адамның жолы ылғи тарылып, тар қапасқа қамалады? Асқар Алтайдың «Таганка» әңгімесі осы сұрақтарға жауап іздегендей әсер қалдырады. Әңгіме – жай ғана көркем шығарма емес. Бұл бір адамның тағдыры арқылы бүкіл жүйенің қаталдығын, адамның рухани күресін көрсететін өткір туынды. Тергеу изоляторының қараңғы бөлмесінде сағаттап сұрақтың астында отырған Ақжелеңнің бейнесі оқырманды да ойландырады. Темір есік, сұр қабырға, қамақтағы адамның ерік-жігері... Осы тұста Ақжелеңнің бала күні есіне түскен. Егеуқұйрықтарды тірідей аулап, түбіне от қойылған бөшкеге салып қуырғандары ойға оралған. Көрші Вася ағасының егеуқұйрықтарға жасаған зерттеуі тіпті ойға шомдырған. Сөйтсе, Вася ағайы доңыз қорасына қаптаған егеуқұйрықтың бірнешеуін ұстап алып, бөшкеге қамаған екен. Ашыққандар бір-бірін жеп, каннибал тышқандарға айнала бастаған. Соңында қалған біреуінің мұрты майланып, жалы күжірейіп, кәнден иттей болған екен. Сонда Вася ағай оны бірнеше күн ашықтырып барып бөшкеден босатып жіберген. Сонда ғой, бықпырт тигендей тұқымдастарын жұлмалай бастаған. Ақыры қашып жоғалған. Соңдарынан каннибал тышқан да кеткен. Алайда бірер уақыттан соң, топ-топ болған егеуқұйрықтар қайтып оралады. Желкесіне жал біткен егеуқұйрық қана оралмаған. Сөйтсе, жабылып, оның өзін құртып жіберген екен. Жазушы осыны мысалға келтіре отырып, астарлы ойын жеткізген. Ол ойды әр оқырман өзінше түсінетін шығар.
Ақжелең арман қуған, әділдікке сенген жан. Бірақ оның бұл сенімі тар қапаста сынаққа түседі. Оның алдында суыққанды тергеуші өзінің сұрақтарымен, қулық-сұмдық әрекеттерімен Ақжелеңнің рухын сындырғысы келеді. Сынып кететін ол ма? Әңгімеге бас қойсаңыз, сізді бірден тергеу бөлмесіне енгізіп жібереді. Тулақтай бөлме. Ескі орындық. Шаршаған дене, шаршаған сана. Ақжелеңнің күйі осы. Ұрып-соқса бір сәрі, рухани қысым одан күшті. Бұл қапас – ерік-жігерін мүжитін тозақ. Бірақ кейіпкердің жан әлемі, еркін ойы ешкімнің қолында емес. Оның сенімі де сан-саққа кеткен.
«Таганкаға» терең үңілсеңіз, тек бір адамның басынан өткен хикая емес. Әділдік іздеген, бірақ биліктің қысымына тап болған әрбір жанның бейнесі. Жазушы бұл тақырыпты атүсті таңдамағаны белгілі. Қоғамдағы әлдене түрткі болды. Өмірдің өзі ұсынған сұрақтарға жауап іздеу сияқты. Сараласақ, Ақжелең арқылы билік пен халық арасындағы күресті көреміз. Бірі – күш, екіншісі – сенім. Бірі – жүйе, екіншісі – адам. Бұл күрес қай уақытта да жалғасып келеді. Жалғаса бермек. Қысым, әділетсіздік, рухани күрес – қашанда өзекті тақырып. Бұл әңгімені оқи отырып, өзіңізге «Мен әділетсіздікке төзе аламын ба? Менің рухани күшім қандай?» сынды сұрақ қоярыңыз анық. Оған жауап таппай, сан түрлі ой мазалауы да мүмкін. Бұл шығарма бізге ой салады, күреске шақырады, рухты оятады. Жазушының шеберлігі де осында. Ол оқиғаны баяндап қана қоймай, оқырманды сол оқиғаға бірге араластырып жібереді.
Сіз Ақжелең сияқты беріктікті таңдайсыз ба, әлде жүйеге мойынсұнасыз ба, оны өзіңіз ғана шеше аласыз.