What are you looking for?

Ресей Қазақстанның банк саласына қайтып оралмақ па?

27.03.2025

Трамп әкімшілігінің көмегімен Ресей қаржы секторы батыс санкцияларынан кезең-кезеңімен құтылмақ. Кеше АҚШ пен Ресей арасындағы Қара теңіздегі атысты тоқтату жөніндегі келісім аясында ресейлік банктердің SWIFT жүйесіне қосылу мәселесі шешілді. Кремль таратқан мәліметке сай, алғашқы болып жүйеге Россельхозбанк қосылмақ.

"Россельхозбанктен кейін Сбер тобы да SWIFT жүйесіне қосылатын болады. Қазір Сбер өзіне қатысты барлық санкцияларды алып тастау бойынша қадамдарды Кремльмен пысықтап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Ресей өзінің Трамппен жақындығын пайдаланып, Сбер үшін толық жол ашып бермек", — дейді дереккөз.

Осының аясында Сбер өзінің халықаралық нарықта жоғалтып алған позицияларын қалпына келтірмек. Санкция қысымымен Қазақстанда сатып жіберген банкін қайтадан сатып алуға жұмыс істейтін болады. Қазір оның аты Bereke-ге ауысып кеткен Қазақстандағы бұрынғы еншілес банкі Катардың Lesha Bank тобының қолында. Өз кезегінде арабтар Bereke банкінің бағасын өсіріп, өздеріне тиімді шартпен қайта сатуға қарсы емес екендерін білдірді.

"Lesha Берекені Қазақстан Үкіметінен номиналды түрде 65 миллиард теңгеге сатып алған болатын. Енді сатса кемінде 200 миллиард теңгеге сатады. Сбербанкте ондай ақша бар. Ресейліктер тек өздерінің барлық санкциялардан шығуын күтіп отыр. Сондықтан бүгін бе, ертең бе, Сбер қазақ нарығына бәрібір оралады", — дейді дереккөз.

Bereke арабтар үшін берекелі болып отыр. 2024 жылы банк кемінде 15 миллиард теңге таза кіріс алып келді. Бірақ Lesha Қазақстандағы банкті мәңгі ұстап отыруға құлықты емес. Жаһандық инвестициялық саясаты аясында пайдасын барынша сығып алып, банктің өзін қымбатқа сатып жіберуді көздейді.

Ал Сбер үшін Қазақстанға оралу тек бизнес емес, геосаясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Сондықтан тараптардың мүддесі бір бірімен ұштасуда.

Дереккөз: DALA INSIDE телеграм арнасы

Social Link

Follow Me On Social Media