Екі жыл қатарынан жеңіске жеткен жанармай құю бекеті қызметкерлері Египет еліне саяхаттайды.
Көкшетау қаласында Qazaq Oil жанармай бекеттері арасында өтетін дәстүрлі "Чемпиондар лигасы" байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – компания қызметкерлері үшін жыл сайынғы асыға күтетін әрі маңызды іс-шараға айналып үлгерген сайыс.
Inbusiness.kz тілшісі екі жыл бойы үздік шыққан Т-052 жанармай құю кешені ұжымының жетістік құпиясын анықтап, компанияның жүйелі жұмысын сараптап көрген еді.
Байқауға қатысушылар нақты критерийлер бойынша бірнеше лигаға бөлінді. Бұл өз кезегінде қалалық және ауылдық жанармай бекеттері үшін бірдей мүмкіндік жасауды қамтамасыз етті. Бағалау барысында қызмет көрсету жылдамдығы, тиімділігі және сыпайылығы есепке алынды. Бұған қоса, "жасырын тұтынушылар" әдісі қолданылып, қызмет көрсету сапасы тексерілді.
Екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанған Т-052 бекеті өз кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеп, жоғары сервис деңгейін көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, компания қызметкерлер жұмысының сапасын арттыру мақсатында жасанды интеллект құралдарын енгізуде. Мысалы, кассалық аймақта орнатылған дауыстық аналитика сенсорлары қызмет көрсету сапасын бақылауға көмектеседі, бұл тұтынушылардың Qazaq Oil-ға деген сенімін нығайта түседі әрі осы брендті таңдағанын мақтанышпен айтуға итермелейді.
Qazaq Oil HR директоры Анвар Бекназаров жеңімпаздарды құттықтап, олардың жоғары дайындығы мен кәсібилігіне тоқталып өтті.
– Бұл байқау – жай ғана жарыс емес, біздің команда үшін өсу мен дамуға мүмкіндік. Сіздер тек биік белесті бағындырған жоқсыздар, барлық АЖҚС үшін жаңа стандарт белгіледіңіздер. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді А.Бекназаров.
Qazaq Oil-дың Ақмола және Қостанай облыстары бойынша филиал директоры Қайсар Әбдірахманов жеңімпаздарды анықтау критерийлерін түсіндіріп, Т-052 ұжымының табысы бірлескен жұмыстың және жоғары қызмет көрсету деңгейінің нәтижесі екенін айтты.
– Финалға жанармай сатылымы, тауар айналымы, түбіртек саны мен конверсиясы бойынша үздік көрсеткішке жеткен бекеттер шықты. Сіздердің станцияларыңыз – Қазақстандағы көшбасшы жанармай құю бекеті. Өткен жылы Қатарға бардыңыздар, бұл тәжірибе қосымша мотивация берді. Келесі жылы да жеңімпаздар қатарында боласыздар деп сенемін! – деді ол.
Өз кезегінде Т-052 жанармай құю кешенінің менеджері Любовь Верчинская командасының әлі де үздіктер қатарына ұмтыла түсетінін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта басқа да әріптестерінің жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
– Біз бұл жеңісімізбен мақтанамыз! Командамызға қолдан келгеннің бәрін жасайтынымды уәде еткен едім. Бірақ келесі жылы басқа бекет жеңіске жетіп, өз әріптестеріміз де демалысқа барса екен деймін. Біз өз ісімізді жақсы көреміз және әрқашан тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Біздің басты құпиямыз – қонақтарға деген құрмет пен Qazaq Oil-ға деген сенім. Өткен жылы Қатарда болдық, бұл ұмытылмас тәжірибе болды. Енді бізді Египет күтуде! – деді жеңімпаз команданың өкілі.
Жеңімпаздар сатылым, тиімділік және оның көлемі бойынша төрт деңгейге (А, В, С, D лигалары) бөлінген. Байқау қорытындысы бойынша үздіктер ақшалай сыйақылар, тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттар және туристік жолдамаларды иеленді.
Осылайша, А лигасының үздік командасын Египеттегі бес жұлдызды қонақүйде бір апталық демалыс күтіп тұр.
Сауда залының менеджері Әлия Мукушева "бұл байқау қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырады" деп есептейді.
– Бізге қызмет көрсету стандарттары бойынша практикалық және теориялық тапсырмалар берілді. Әрбір маман жеке сынақтардан өтті. Бұл сайыс кәсібилігімізді арттыруға көмектесті, – деді ол.
Qazaq Oil өз чемпиондарын марапаттау дәстүрін әлі де жалғастырады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында финалистер анықталып, жыл соңында үздік жанармай құю кешендері өзара бақ сынайды.
Компания сервис деңгейін, жанармай сапасын, тауар ассортименті мен қосымша қызметтерін жыл сайын дамытуды көздейді.