Ресей Украинаның үш облысына шабуыл жасамақшы – Зеленский.
Украина барлау қызметінің дерегінше, Ресей Украинаның Сумы, Харьков және Запорожье облыстарына жаңа шабуылдар жасауға дайындалу үстінде. Бұл туралы Владимир Зеленский Парижде Еуропа елдерінің басшыларымен өткен кездесуде айтты.
«Ресей келіссөздерді созып, АҚШ-ты өтірік шарттар туралы мән-мағынасыз талқылауларға тартуға тырысып келеді. Осылайша уақыт жағынан ұтып, жаңа жерлерді басып алмақшы. Путин келіссөздерді мықты басымдыққа ие болу арқылы бастауды қалайды. Ол соғысты ғана ойлап отыр», — деді Украина президенті.
Сөзінше, Донецк облысындағы ахуал тұрақтанды. Елдің шығыс бөлігін қорғау мақсатында Ресейдің Курск облысындағы операциялар жалғасып жатыр.
УНИАН-ның хабарлауынша, Зеленский қолдау көрсеткені үшін Франция, Ұлыбритания және басқа да елдерге алғыс білдірді.
Айта кетейік, 27 наурызда Франция астанасында Украина мәселесі бойынша Еуропа көшбасшыларының саммиті өтті.