Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар жүйелі орындалып келеді. Өңірге барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұртшылықпен бірге Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді талқылап, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Өткен жылы өңірде 104 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылды. Солардың бірі — цемент, тұз, тыңайтқыштарға арналған 1 тонналық қапшықтар шығаратын зауыт. Мұнда жылына 5 млн дана бигбэг өндіріледі. Кәсіпорында 110 адам еңбек етеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзге де жетістіктер Сенат төрағасының мәслихат депутаттарымен, Ассамблея мүшелерімен және қоғам өкілдерімен кездесуінде баяндалды. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының құрылтайда қаузаған мәселелеріне тоқталды. Президенттің экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, инвестициялар тарту, жаңа технологиялар енгізуде нақты міндеттер жүктегенін баса айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Облыстардың дамуына баса мән берілуде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Осы істе Батыс Қазақстан облысының қарқыны көңіл қуантады.
Жайық жастарымен жүздескен Сенат спикері оларға мемлекеттен әркез қолдау барын жеткізді. Елімізде кешенді реформалар іске асып жатыр. Стратегиялық бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар қолға алынды. Енді жастар да Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсағаны жөн.
Мейірбек Тәжқұранов, фотограф-редактор:
Қазіргі қоғамда лудомания бар, әлеуметтік желіде тренд қуып кетіп жатқан жастар бар. Күресу мақсатында, олармен бірге жұмыстану бағытында көптеген іс атқару ойда бар. Облыс жастары да бұған қарсы емес.
Ардақ Мұратқызы