29 наурызда Мьянмада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) сайтындағы деректерге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Магнитудасы 5,1 болатын жер сілкінісі ел астанасы Нейпьидодан екі километр қашықтықта, 10 километр тереңдікте тіркелді.
Әзірге зардап шеккендер мен ғимараттардың қирауы туралы ақпарат түскен жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызда Мьянмада жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 7,7.
Бұдан кейін магнитудасы – 6,4 болатын тағы бір жерасты дүмпуі тіркелген. Жер сілкінісі Таиланд астанасы Бангкокта да сезілген.
Мьянмада болған жойқын жер сілкінісінің салдарынан ұзындығы бір шақырымнан асатын көпір опырылып түсті. Кейін Мьянмада төтенше жағдай жарияланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма премьер-министріне қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты.
29 наурыздағы мәліметтер бойынша, Мьянмада 28 наурызда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1002-ге жеткен.