Тасқын суын қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін елдегі су қоймаларынан су жіберілді.
Астана және Шағалалы су қоймаларынан секундына 1,5 текше метр, Сілеті су қоймасынан 81 текше метр су ағып жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Дәл осындай жұмыстар Ақтөбе, Қарғалы су қоймаларында да жүрді. Бүгінде бұл екі нысан орта есеппен 69%-ға толған.
Бұқтырма су қоймасынан секундына 650 текше метр, Өскемен су қоймасынан 450 текше метр, Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан секундына 750 текше метр су жіберіліп жатыр. Қостанайда Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары да 69%-ға толды. Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 450 текше метр, Петропавл су қоймасынан 640 текше метр су кетіп жатыр.